CaspianLife, 12 наурыз. Атырау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде жоспарлы далалық атыс жаттығулары кезінде мерзімді әскери қызметші оқ жарақатын алып, көз жұмды.
Ресми мәліметке сәйкес, оқиға 12 наурыз күні болған. Алдын ала деректер бойынша, қаруды пайдалану кезінде жіберілген абайсыздық салдарынан әскери қызметші оқ жарақатын алған.
Зардап шеккен сарбаз дереу медициналық мекемеге жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілген. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, оның отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Аталған факті бойынша Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Сонымен қатар Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті тексеру үшін оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары басшылығымен арнайы комиссия жіберілді. Тергеу барысы ҚР Бас әскери прокуратурасының бақылауына алынған.
(Дереккөз: Атырау гарнизонының баспасөз қызметі)

