Caspianlife, 11 наурыз. Наурыз мейрамы қарсаңында Қазақстанда 13–23 наурыз аралығында бүкіл ел аумағында өтетін «Nauryz Sale» атты ауқымды республикалық акция басталады.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бастама отандық өндірушілерді қолдауға, ішкі сауданы ынталандыруға және ел тұрғындары мен қонақтары үшін бірыңғай мерекелік атмосфера қалыптастыруға бағытталған.
Акция кезеңінде сауда нысандары халыққа азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларға 10–70 пайыз аралығында мерекелік жеңілдіктер ұсынады. Акциялық тауарлар сауда залдарында арнайы мерекелік навигациямен және «Nauryz» фирмалық безендіруімен белгіленеді. Сондай-ақ тақырыптық баға белгілері, брендтік көрсеткіштер, баннерлер және басқа да POS-материалдар орнатылып, сатып алушыларға жеңілдетілген бағамен сатылатын тауарларды оңай табуға мүмкіндік беріледі.
Акцияға ішкі сауда саласындағы шамамен 300 кәсіпкерлік субъектісі қатысады. Олардың қатарында 140 сауда үйі мен сауда-ойын-сауық орталығы, 140 сауда желісі және 20 электронды сауда субъектісі бар. Қатысушылар арасында елдегі ірі сауда желілері де бар: Magnum, Small, Galmart, Анвар, Дина, Toimart, Астыкжан, Аян, Greenwich және басқалар.
Сонымен қатар ірі сауда үйлері мен сауда-ойын-сауық орталықтары қатысады: Mega Silk Way, Keruen, Keruen City, Аружан, Сарыарка, Shymkent Plaza және басқалары.
Акция аясында отандық өндірушілерді қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Сауда орталықтарында арнайы сату аймақтары ұйымдастырылып, қазақстандық компаниялардың өнімдері нарықтық бағадан орта есеппен 10–20 пайыз төмен бағамен ұсынылады.
Сауда-ойын-сауық орталықтарына келушілерді интерактивті бағдарламалар да күтеді. Елдегі ең ірі орталықтарда ұлттық фотозоналар ұйымдастырылады. Серіктестік аясында Қазақстан бойынша 11 дүкені бар Тарбие ұлттық киім дүкені дәстүрлі нақыштағы ұлттық костюмдерді ұсынады.
Келушілер оларды киіп көріп, естелікке суретке түсе алады. Мұндай фотозоналар елдің ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында орналастырылады: SAYA Mall, Dostyk Mall, Keruen City, Keruen City Astana, Infinity Mall, Turan Mall, Dostyk Plaza, Shymkent City Mall.
Бұдан бөлек, Сауда және интеграция министрлігі Қазақстандағы сауда субъектілері арасында «Sauda in Digital Nauryz» республикалық байқауы өтетінін жариялады. Байқау 13–20 наурыз аралығында ұйымдастырылып, мерекелік безендіруде заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге және инновациялық сервистерді дамытуға бағытталған.
Қатысушылар төрт номинация бойынша жобаларын ұсына алады:
– «Ең үздік цифрлық безендіру»,
– «Ең үздік цифрлық құттықтау»,
– «Жасанды интеллектті ең тиімді пайдалану»,
– «Ең креативті Digital-жоба».
Қатысу үшін Instagram желісінде #saudadigitalnauryz хэштегімен бейнеролик жариялап, Сауда және интеграция министрлігінің ресми парақшасын белгілеу қажет.
Жеңімпаздарды сарапшылар комиссиясы креативтілік, жасанды интеллект технологияларын қолдану, ұлттық ерекшелік, аудиторияны тарту деңгейі және жобаның сапасы сияқты критерийлер бойынша анықтайды. Байқау қорытындысы 2026 жылғы 20 наурызда шығарылып, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталады.
Ескерту: республикалық акцияға әлеуметтік жауапкершілік танытып, бастаманы қолдаған сауда субъектілері қатысады. Қазақстан өңірлері бойынша қатысушылар тізімі бөлек ұсынылады.

