Caspianlife, 11 наурыз. Атырау облысы аумағында орналасқан Сарайшық тарихи-мәдени музей-қорығы мамандары биыл ортағасырлық Сарайшық қалашығы кешеніне кіретін бес қалашық аумағынан шамамен 250-ге жуық жәдігер тапты.
Өңірлік коммуникациялар қызметі мәліметінше, сонымен қатар XIV ғасырдың ерте кезеңіне жататын тұрғын үйлердің, цитадель мен керуенсарайдың бөліктері қазылып алынған. Табылған жәдігерлер Алтын Орда дәуіріне тиесілі.
Археологиялық зерттеулермен қатар көне қала аумағында реставрациялық жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Жаяу жүргіншілерге арналған жол салынды, келушілер үшін қолайлы жағдай жасалды. Қазба орындары қалпына келтіріліп, көне Сарайшық қалашығының тарихи келбетін жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Сарайшық тарихи-мәдени музей-қорығы бас инспекторы, археолог Айбек Тұрарұлының айтуынша, өткен жылы Сарайшық аумағында бес жерде қазба жұмыстары жүргізіліп, 150-ден астам жәдігер табылған.
— Табылған жәдігерлердің қатарында металл, шыны және сүйектен жасалған тұрмыстық әрі сәндік бұйымдар, сондай-ақ керамикалық ыдыстар бар. Ең ерекше олжа — XIV–XV ғасырларға жататын қола құлып. Мұндай бұйым бұрын Алтын Орда қалашықтарында кездеспеген, — деді Айбек Тұрарұлы.
Қазіргі уақытта аумақ толық цифрландырылып жатыр. Әрбір қазба орнының жанына QR-кодтар орнатылған. Туристер оларды ұялы телефон арқылы сканерлеп, тарихи нысандар туралы толық ақпарат ала алады. Сондай-ақ Қасым ханға ескерткіш орнату жоспарланып отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметі мәліметінше, тарихи орынға келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Егер екі жыл бұрын мұнда 18 мың адам келсе, өткен жылы келушілер саны 28 мыңға жеткен.

