Caspianlife, 5 наурыз. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Shell plc компаниясының Қазақстандағы бөлімшесі Ақтөбе облысында орналасқан «Жанатұрмыс» учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу туралы келісімшартқа қол қойды.
ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжатқа ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров пен «Shell» концернінің Қазақстандағы аға вице-президенті әрі төрағасы Сюзанн Куган қол қойған. Келісімшарт қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуді, деректер жинауды және қажетті реттеуші рұқсаттар алынған жағдайда техникалық бағалау жүргізуді көздейді.
«Бұл жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту және тұрақты экономикалық өсімді ынталандыру мақсатында көмірсутектердің ұзақ мерзімді ресурстық базасын қалыптастыруға ықпал етеді», — деді ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров.
Ал «Shell» компаниясының Қазақстандағы аға вице-президенті әрі төрағасы Сюзанн Куган:
«Бүгін геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу туралы келісімшартқа қол қою — “Shell” компаниясының Қазақстан Республикасымен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа бейілділігін тағы бір рет дәлелдейді. Біз жаһандық тәжірибеміз бен озық технологияларымызға сүйене отырып, геологиялық барлау жұмыстары мен елдің ресурстық базасын кеңейтуге үлес қосуды жалғастырамыз», — деді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, аумағы 1 377 шаршы шақырым болатын «Жанатұрмыс» учаскесі Қазақстандағы ең перспективалы мұнай-газ бассейндерінің бірінде орналасқан. Бұл аймақ елдегі геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту үшін маңызды әлеуетке ие. Жұмыс бағдарламасы 3D сейсмикалық зерттеулер жүргізуді және терең барлау ұңғымасын бұрғылауды қарастырады.
Жобаның ауқымы мен техникалық күрделілігін ескере отырып, келісімшарттың мерзімі 2032 жылға дейін белгіленген. Жоба жетілдірілген үлгілік келісімшарт шарттары аясында іске асырылады. Келісімшарт мерзімі ішінде «Shell» компаниясы учаске орналасқан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдауға кемінде 100 млн теңге бағыттайды.
Жалпы алғанда, қазіргі уақытта жер қойнауын пайдалану саласында көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша 321 келісімшарт қолданыста екені атап өтілді.

