CaspianLife, 5 наурыз. Ильхам Алиев бүгін Бакуде Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Иранның ресми тұлғалары Әзербайжан тарапынан кешірім сұрауы тиіс екенін мәлімдеді.
Бұл туралы АЗЕРТАДЖ мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады. Өз сөзінде Ильхам Алиев бүгін Иран тарапынан Әзербайжан мемлекетіне қарсы террористік акт жасалғанын айтты. Оның сөзінше, Нахчыван Автономиялық Республикасының аумағына ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы жасалған. Шабуыл нысанасына азаматтық нысандар – Нахчыван халықаралық әуежайы, терминал ғимараты және мектеп ілінген.
«Әзербайжан мемлекеті бұл жиіркенішті террористік актіні қатаң айыптайды. Оны жасағандар дереу жауапкершілікке тартылуы тиіс. Иранның ресми тұлғалары түсініктеме беріп, Әзербайжан тарапынан кешірім сұрауы қажет», – деді И.Алиев.
Сонымен қатар ол Әзербайжанның бұрын да, қазір де Иранға қарсы қандай да бір операцияларға қатыспағанын және қатыспайтынын еске салды.
«Бұл – біздің ұстанымымыз. Біз көрші мемлекеттерге қарсы қандай да бір операция жүргізуге мүдделі емеспіз, әрі біздің саясатымыз да мұндайға жол бермейді. Біз өзіміздің аумақтық тұтастығымызды қорғадық және қорғауды жалғастырамыз», – деп атап өтті Әзербайжан Президенті.
Сөзінің соңында Ильхам Алиев Қарулы күштер, Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік шекара қызметі және арнайы мақсаттағы барлық бөлімшелер №1 мобилизациялық дайындық деңгейіне келтірілгенін айтып, кез келген операцияға дайын болуы тиіс екенін жеткізді.
(И.Алиевтің сөзінің толық мәтіні АЗЕРТАДЖ сайтында жарияланған.)

