CaspianLife, 4 наурыз. Атырау облысында үйректің аталықтарын (селезень) аулауға арналған көктемгі аңшылық маусымы ашылады. Тиісті бұйрыққа 27 ақпанда Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қол қойды.
Құжатқа сәйкес, аң аулауға 21 наурыздан 4 сәуірге дейін рұқсат етіледі. Маусымның ұзақтығы 15 күнтізбелік күнді құрайды.
Инспекцияның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында хабарланғандай, көктемгі аңшылық өңірдегі бекітілген аңшылық алқаптарында жүргізіледі. Атап айтқанда, Атырау облыстық аңшылар және балықшылар қоғамына қарасты «Құрманғазы», «Исатай» және «Жылыой» аңшылық алқаптарында аң аулауға болады. Сонымен қатар «Astau LPR» ЖШС-іне бекітілген «Қызылқоға» және «Қиғаш» учаскелерінде, сондай-ақ жеке кәсіпкер С. Қанатбаевқа қарасты «Жылыой–Желтау» аңшылық алқабында аңшылыққа рұқсат беріледі.
Сонымен бірге көктемгі маусымда үйрек аулаудың жалпы көлемі белгіленген лимиттің 5 пайызынан аспауы тиіс екені атап өтілді.
Аңшылық ережелерінің сақталуын Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы бақылайды. Бұдан бөлек, аңшылық алқаптарының резервтік қоры аумағында аң аулауға және ауыл шаруашылығы егістіктеріне зиян келтіруге тыйым салынады.