CaspianLife, 4 наурыз. Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Беларусь Республикасының Гродно облыстық атқару комитетінің төрағасы Юрий Караев бастаған делегациямен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Маңғыстау мен Гродно облыстары арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өндірісі, ағаш өңдеу өнеркәсібі, туризм, сондай-ақ гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне назар аударылды.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу қорытындысында өңіраралық әріптестікті дамытуға бағытталған 2026–2027 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары – Жол картасына қол қойылды. Құжат мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуды, инвестиция тартуды, бизнес-форумдар мен B2B кездесулерін ұйымдастыруды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.
Өңір басшысы Маңғыстау облысының көлік-логистикалық әлеуетіне, теңіз порттарының мүмкіндіктеріне, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен туризмді дамыту бағыттарына тоқталып, осы салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті.
— Маңғыстау облысы көлік және логистика, туризм, агроөнеркәсіптік кешен және өңдеу өнеркәсібі бағыттары бойынша қарқынды дамып келеді. Біз Беларусь тарапымен өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз, — деді Нұрдәулет Қилыбай.
Өз кезегінде Юрий Караев Маңғыстау облысымен байланысты нығайтуға дайын екенін білдіріп, сауда-экономикалық және гуманитарлық саладағы бірлескен бастамаларды қолдауға ниетті екенін айтты.
Хабарламада айтылғандай, 2025 жылы Маңғыстау облысы мен Беларусь Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы 17,7 млн АҚШ долларын құраған. Қазіргі уақытта өңірде Беларусь капиталының қатысуымен түрлі салаларда 11 кәсіпорын жұмыс істейді.

