Caspianlife, 3 наурыз. ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін Ақтөбе қаласының «Алматы» ауданында, Ақжар көшесіндегі орналасқан автогаз құю станциясының жер үсті резервуарларының бірінде газ-ауа қоспасының жануынан жарылыс болып, жалын екінші цистернаға, тұрақта тұрған газ тасымалдаушы көлікке және операторлық ғимаратқа таралған.
«ТЖ департаментінің күштері оқиға орнына шұғыл жетті. Өрт сөндірушілер жоғары қауіптілік жағдайында жұмыс істеп, мүмкін болатын қосымша жарылыстар мен жалынның одан әрі таралуын алдын алды. Құтқарушылардың кәсіби әрекеттерінің арқасында өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ», — делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге шамамен 60 қызметкер және 16 техника бірлігі жұмылдырылды. Оқиға орнындағы бөлімшелердің жұмысын Ақтөбе облысы ТЖД бастығы, полковник Қахарман Оразалин үйлестірді.

