CaspianLife, 3 наурыз. Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың ушығуына байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі (СІМ) және оның шетелдегі өкілдіктері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Өңір елдеріндегі ҚР-ның шетелдік мекемелері жағдайды үздіксіз бақылап, жергілікті билік органдарымен және Қазақстан азаматтарымен тұрақты байланыс ұстап отыр. Сондай-ақ әуежайларға тұрақты түрде барып, жедел әрекет ету және консулдық-құқықтық көмекті шұғыл көрсету шараларын қабылдауда.
Қазақстан СІМ-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, дипломатиялық өкілдіктер қызметкерлері азаматтармен тәулік бойы жедел байланыс арналары мен мессенджерлердегі топтар арқылы хабарласып, өңірде және транзиттік аймақтарда жүрген қазақстандықтардың тізімін жаңартып отыр. Қазіргі уақытқа дейін зардап шеккен Қазақстан азаматтары туралы ақпарат түскен жоқ.
Соңғы деректерге сәйкес, шиеленіс аймағындағы қазақстандықтардың ең көп саны туристік бағыттар, қажылық орындары және ірі транзиттік тораптар болып саналатын елдерде тіркелген. Атап айтқанда:
-
БАӘ-де — 3 500 азамат;
-
Сауд Арабиясында — шамамен 3 000;
-
Қатарда — 1 500-ге жуық.
Өңірдің басқа елдеріндегі мәліметтер:
-
Иранда — 82 азамат;
-
Бахрейнде — 168;
-
Кувейт пен Иорданияда — әрқайсында 134;
-
Израильде — шамамен 100 адам.
Әскери қимылдар басталғалы өңір елдерінің көпшілігінде әуе кеңістігі жабылған. Әуе рейстерінің тоқтатылуына байланысты ҚР-ның шетелдік мекемелері туристік компаниялармен бірлесіп, азаматтарды уақытша қонақүйлерге орналастыру жұмыстарын жүргізуде. БАӘ-дегі қазақстандықтарға жағдай тұрақталғанға дейін қонақүйде тұру және тамақтану қамтамасыз етілген.
Бұған дейін хабарланғандай, қазақстандықтарды шиеленіс аймақтарынан шығару бағыттары мен шаралары пысықталуда. Қауіпсіздік мақсатында жергілікті билік органдары өз бетінше қозғалыс жасауды ұсынбайды. Эвакуациялық рейс ұйымдастырылған жағдайда алдымен халықтың осал санаттары — қарттар, әйелдер және балалар шығарылатын болады.
Бұған дейін Тегераннан «Заркух» компаниясының өкілдері, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының қызметкерлері және дипломатиялық миссия өкілдерін қоса алғанда 50 Қазақстан азаматы эвакуацияланған.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ҚР-ның шетелдік мекемелері Ираннан азаматтарды көршілес елдер арқылы эвакуациялауға жәрдемдесу жөнінде бірқатар мемлекеттердің құзырлы органдарымен келісімге келді.
Армения тарапымен қазақстандықтардың Армения аумағы арқылы эвакуацияланған жағдайда Иран–Армения шекарасынан кедергісіз өту мәселесі келісілді. Арменияның сыртқы саясат ведомствосының басшылығымен тұрақты байланыс орнатылған. Әзербайжан тарапымен де осындай жұмыс жүргізіліп, олар эвакуацияға жәрдем көрсетуге дайын екенін білдірді. Құрлықтағы шекара өткізу режимі шектеулі болғандықтан, шекарадан өту үшін арнайы рұқсат қажет.
Екі азаматтың өтініші бойынша ҚР-ның Әзербайжандағы елшілігі Ираннан «Джульфа» (Нахчыван) бақылау-өткізу пункті арқылы кіруге жедел рұқсат алған.
Түрікменстан да қазақстандықтардың мемлекеттік шекарадан өтуіне жәрдем көрсетуге дайын екенін растады.
Бұл бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғасуда. Қосымша түсіндірмелер СІМ мен ҚР-ның шетелдік мекемелерінің ресми ресурстарында жарияланады. Азаматтарды жедел ақпараттандыру мақсатында СІМ заманауи цифрлық құралдарды, соның ішінде Kaspi инфрақұрылымын пайдалануда. Компаниямен бірлесіп, өңірдегі азаматтардың мобильді құрылғыларына ресми ақпарат пен түсіндірмелер уақтылы жеткізілуде.
Өңірдегі жағдай толық тұрақталғанға дейін азаматтарды сабыр сақтауға, жергілікті билік органдарының талаптары мен ұсынымдарын орындауға, қауіпті аймақтардан аулақ болуға және уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауға шақырамыз. Қосымша ақпарат түскен сайын жарияланады. Осыған байланысты СІМ мен ҚР-ның шетелдік мекемелерінің ресми хабарламаларын мұқият қадағалауды сұраймыз.

