CaspianLife, 3 наурыз. Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті прокуратураның үйлестіруімен цифрлық активтер айналымы саласында заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырған ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған жетекшілік ету фактісі бойынша тергеу жүргізуде.
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) баспасөз қызметінің хабарлауынша, топ ұйымдастырушысы міндетті тіркеусіз және лицензиясыз қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен операциялардан табыс табу схемасын іске асырған. Ол рөлдер бөлінген және нақты иерархиясы бар тұрақты топ құрған. Қатысушылар дропперлерді іздестіруді, олардың атына банк карталары мен криптовалюта биржаларында аккаунттар ашуды, қаржылық операциялар жүргізуді және қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруды қамтамасыз еткен.
«150-ден астам дроппердің банк карталарына түскен қаражат биржадағы криптоәмияндарға аударылған. Қаражаттың заңды көрінісін жасау үшін дропперлер мен байланысы бар ЖШС арасында жалған қарыз шарттары рәсімделіп, кейін қаражат криптовалютаға айырбасталып, OKX биржасындағы криптоәмияндарға жіберілген.», — делінген хабарламада.
Нәтижесінде цифрлық активтерді өткізу бойынша операциялар көлемі 3,5 млрд теңгеден асқан. Тінту барысында 46 ұялы телефон, 92 банк картасы және 25 463 USDT көлеміндегі криптоактивтер тәркіленді. Топтың бес күдікті мүшесі қамауға алынды.