CaspianLife, 2 наурыз. Жалпыұлттық коалиция мүшелері жаңарған Конституция жобасының негізгі артықшылықтарын Маңғыстау облысындағы тұз қышқылы мен кальций хлоридін өндіретін «Topan Chemical Industries» зауытының ұжымымен талқылады. Кездесуге кәсіпорынның 80 қызметкері қатысты. Жиында Конституцияда ұсынылған жаңашылдықтарға байланысты әсерлі әңгіме өрбіді, қатысушылар еркін пікір алмасты.
Жаңа Ата заң жобасында адал еңбек ету, уақытылы және әділ жалақы алу, сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайы құқығы бекітіледі. Бұл нормалар — мемлекеттік саясаттың тікелей бағдары, мемлекет олардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді және қадағалауды өз міндетіне алады. Өндіріс саласы қызметкерлерінің айтуынша, бұл норма жұмыскердің өмірін,денсаулығы мен кәсіби мүдделерін қорғаудың берік негізін қалыптастырады.
Зауыт ұжымы жұмыскерлерге арналған әлеуметтік кепілдіктерді күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Соның ішінде оқыту, біліктілікті арттыру және кәсіби даму үшін мемлекет-жеке серіктестік механизмдерін қолдану қажеттілігіне тоқталды. Кнституциядағы осы жаңашылдықтар кәсіпорындардың кадрлық әлеуетін ұзақ мерзімді дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар қызметкерлер үшін мемлекет, бизнес және еңбек арасындағы бірлік принципі сенімді тірек болып саналады. Мұнда азаматтардың еңбек құқығына басымдық беріледі, өндірістің тұрақтылығы мен компаниялардың бәсекеге қабілеттілігіне нұқсан келмейді.
Өндіріс саласының мамандары Конституцияда алғаш рет цифрлық ахуал тікелей ескерілгенін атап өтті. Жаңа нормалар жеке өмірге қол сұғылмау және жеке деректерді қорғау құқығын бекітеді, азаматтардың цифрлық құқығын қорғауға нақты құқықтық негіз қалыптастырады. Маңғыстаулықтардың пікірінше, бұл жаңашылдықтар халықтың ақпараттық қауіпсіздігін күшейтіп, қарқынды дамып жатқан цифрландыру жағдайында қызметкерлер мен олардың отбасылары үшін сенімді кепілдік береді.
Коалиция мүшелері экономикадағы инновацияларды қолдауға арналған жаңашылдықтарға да назар аударды. Бұл ретте елімізде ғылым мен жоғары технологиялық секторларды дамыту бағыттары Ата заңға енгізілуде. Маңғыстау облысы үшін бұл экономиканы әртараптандыруға және технологиялық тәуелсіздікті арттыруға негіз жасау дегенді білдіреді. Алға қойған мақсаттарға жету үшін өңірдегі мамандар мұнай-газ саласына негізделген ғылыми зерттеулер мен инновациялық технологияларды дамытуға дайын.
Кездесу соңында қатысушылар әрбір еңбек етіп жүрген адамның алдағы референдумға үн қосуы құқықтық мемлекетті нығайтуға және еңбек құқығын қорғауды қамтамасыз етуге қосқан үлес болатынын атап өтті. Олар жұмыскерлердің сенімін арттырып, мүдделерін қорғауға және ел экономикасының негізгі салаларын тұрақты дамытуға жағдай жасайтын өзгерістерді қолдауға ниет білдірді.

