Caspianlife, 27 ақпан. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қызметкерлері шетелдік әріптестерімен бірлесіп, Сенару ауылы, Ломбок аралы, Индонезия Республикасы аумағында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген ер адамды ұстады.
Қазақстан ІІМ хабарламасында: «…онымен бірге оның бұрынғы жұбайы да анықталды» деп көрсетілген (дәйексөздің соңы).
Ал Indonesian National Police ресми сайтында жарияланған ақпаратта күдіктінің Ломбок аралындағы Солтүстік Ломбок полиция бөлімшесі тарапынан ұсталғаны айтылған. Ұстауға Интерполдың «қызыл хабарламасы», сондай-ақ 2026 жылғы 8 қаңтардағы Атырау қалалық сотының шешімі негіз болған.
Индонезия полициясының мәліметінше, SS инициалымен көрсетілген 29 жастағы ер адам Байян ауданындағы Сенару ауылындағы қонақ үйлердің бірінде ұсталған. Ол 2025 жылдың қараша айында жасалып, салдарынан екі адам қаза тапқан қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген.
Операция барысында MA инициалымен көрсетілген 30 жастағы Қазақстан азаматшасы да ұсталды. Қазіргі уақытта оның процессуалдық мәртебесі нақтылануда.
Индонезияның құқық қорғау органдары ұсталғандардан паспорттар, ұялы телефондар және банк карталары тәркіленгенін хабарлады. Күдікті ықтимал экстрадиция рәсімдеріне байланысты одан арғы процедураларды күту үшін Солтүстік Ломбок полиция басқармасында қамауда отыр.

