CaspianLife, 26 ақпан. Қоғам дамуының қазіргі кезеңінде Қазақстан үшін ең басты бағыттың бірі – ұлттық тұтастықты сақтай отырып, құқықтық мемлекетті нығайту. Жаңа Конституция осы сабақтастықты нақты құқықтық нормалар арқылы бекітіп берді.
Конституцияның 1-бабында мемлекеттің басты құндылығы – адам және оның құқықтары екені көрсетілген. Бұл қағида ұлттық бірегейлікті тар мағынада емес, барша азаматтарды біріктіретін ортақ құндылықтар кеңістігі ретінде түсінуге мүмкіндік береді. Яғни мемлекет белгілі бір топтың емес, бүкіл халықтың мүддесіне қызмет етуге тиіс.
3-бапта биліктің бірден-бір бастауы – халық екені айқын жазылған. Халық мемлекет тағдырын айқындайтын субъект ретінде танылған кезде азаматтық бірегейлік те нығая түседі. 4-бап Конституцияның ең жоғары заңдық күшке ие екенін бекітіп, құқықтық тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етеді. Заң үстемдігі орныққан жерде ғана қоғам ішіндегі сенім мен тұрақтылық сақталады.
7-бапта мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені белгіленуі ұлттық негізді айқындайды. Сонымен бірге басқа тілдерге құрмет көрсету қағидасы қоғамдық келісімді сақтауға бағытталған. Бұл тепе-теңдік көпэтносты қоғам жағдайында бірлік пен тұрақтылықтың маңызды шарты болып отыр.
Жер мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екені туралы 6-бап та ұлттық мүддені құқықтық тұрғыда бекітеді. Бұл норма ұлттық байлықтың ортақ игілік екендігін көрсетіп, әлеуметтік әділет қағидасын күшейтеді.
Жаңа конституциялық модель билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейтуге бағытталды. Парламенттің рөлі артты, конституциялық бақылау тетіктері нақтыланды, азаматтардың құқықтарын қорғау институттары күшейтілді. Мұның барлығы құқықтық мемлекетті нақты жұмыс істейтін жүйе деңгейіне көтеруге бағытталған қадамдар.
15 наурызда өтетін референдум осы өзгерістердің халық еркімен қабылданатынын көрсетеді. Бұл – ұлттық бірегейліктің саяси деңгейде көрініс табуы. Азаматтар тек бақылаушы емес, елдің құқықтық негізін айқындауға қатысушы тарап ретінде әрекет етеді.
Жаңа Конституция ұлттық бірлікті сақтау мен құқықтық мемлекетті нығайтуды бір арнаға тоғыстырады. Заң үстемдігі қоғамдағы ортақ құндылықтарды қорғайды, ал ұлттық тұтастық құқықтық реформалардың табысты жүзеге асуына негіз болады. Осы екі бағыттың үйлесімі елдің тұрақты дамуының басты кепілі болып қала береді.

