Caspianlife, 25 ақпан. Бүгін Ақорда резиденциясында ХХV қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров пен оның бапкерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл Олимпиаданың бүкіл Қазақстан үшін айрықша оқиға болғанын атап өтті.
– Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алуының арқасында Қазақстанның көк байрағы Олимпиада аренасында биікке көтерілді. Ең алдымен, Михаилды шын жүректен құттықтап, алғысымды білдіремін. Сондай-ақ оның әкесіне, бапкеріне және бүгін Ақордаға жиналған барша азаматтарға ризашылығымды жеткізгім келеді. Михаилдың әлемдік мойындалуы – сіздердің табанды еңбектеріңіздің жемісі. Сіздердің жетекшіліктеріңізбен ол көрнекті спортшыға айналып, өз дарынын толық аша білді. Бүгінде бүкіл ел Михаилды мақтан тұтады, ал жас ұрпақ үшін ол нағыз үлгі. Олимпиада чемпионы болу – үлкен сыннан өтіп, күрделі жолды еңсеру деген сөз. Биік жетістікке тек тынымсыз еңбек пен темірдей тәртіп арқылы жетуге болады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Михаил Шайдоровтың жеңісі отандық спорт тарихындағы ірі жетістік екенін атап өтті.
– Бұл – қазақстандықтар 32 жыл бойы күткен тарихи марапат. Екіншіден, бұл – қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылардың тұңғыш Олимпиада алтыны. Үшіншіден, бүкіл әлем Қазақстанда атақты Денис Теннің даңқты жолын жалғастыратын жарқын таланттар бар екеніне көз жеткізді. Кортина д’Ампеццодағы жеңіс – тарихи маңызы бар табыс. Бұл – отандасымыздың мұз айдынында жасаған нағыз триумфі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Олимпиада чемпионының әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровтың еңбегін ерекше атап өтті.
– Станислав Александрович – Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Ол әке ретінде де, бапкер ретінде де Михаилдың өміріндегі ең қиын сәттерде жанынан табылды. Сізге ел туын әлемдік аренада биікке көтерген ұл тәрбиелегеніңіз үшін алғыс айтамын, – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Олимпиада чемпионының бапкері, 1994 жылғы Олимпиада чемпионы әрі әлем чемпионы Алексей Урмановқа алғыс білдірді.
Президент спорт саласын дамыту мемлекет саясатының басым бағыты екенін атап өтті.
– Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Әрбір еңбекқор, мақсатшыл азамат өз мүмкіндігін толық іске асыра алуы тиіс. Спорттағы адал бәсеке, меритократия, тәртіп пен жауапкершілік – мықты мемлекеттің негізі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Президент қысқы Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшыларға сәттілік тілеп, алдағы Лос-Анджелестегі жазғы Олимпиадаға және 2029 жылы Алматыда өтетін қысқы Азия ойындарына дайындыққа ерекше мән беру керектігін айтты.
Салтанатты рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ХХV қысқы Олимпиада ойындарындағы жоғары спорттық жетістіктері үшін Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, бапкер-кеңесші Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. «Құрмет» орденімен ұлттық құраманың бас бапкері Асем Касанова, бапкер Станислав Шайдоров және Қазақстан мәнерлеп сырғанаушылар одағының президенті Бауыржан Ералы наградталды.
Өз кезегінде Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Мемлекет басшысына және барлық қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
– Бұл медаль – тек менің ғана емес, ата-анамның, бапкерлерімнің және маған сенген барша қазақстандықтардың жеңісі. Олимпиада алтыны – мен үшін мәреге жету емес, үлкен жолдың бастауы. Мен елімнің намысын абыроймен қорғап, жас ұрпаққа үлгі болуға тырысамын. Қазақстанға қызмет ету – мен үшін үлкен мақтаныш, – деді Михаил Шайдоров.

