CaspianLife, 25 ақпан. Конституцияда меншіктің барлық нысандары танылады және тең дәрежеде қорғалады (8-бап). Бұл норма ішкі және шетелдік инвесторлардың құқықтық мәртебесін тең деңгейде қамтамасыз етеді. Меншікке қол сұқпаушылық қағидаты капиталды ұзақ мерзімді жобаларға тартудың негізгі шарты саналады.
Сонымен қатар, 29-баптың 4-тармағында кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, мүлікті заңды кәсіпкерлік мақсатта еркін пайдалануға кепілдік берілетіні және жосықсыз бәсекелестікке тыйым салынатыны бекітілген. Осылайша, нарық субъектілерінің қызметі айқын әрі тең ережелер негізінде жүзеге асады.
Жаңа редакция әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге, соттардың тәуелсіздігін күшейтуге және олардың жауапкершілгін арттыруға бағытталған. Инвесторлар үшін дауларды тәуелсіз сот арқылы шешу мүмкіндігі инвестициялық шешім қабылдаудағы негізгі факторлардың бірі болып табылады. Құқықтық қорғаудың институционалдық нығаюы тәуекел деңгейін төмендетеді.
Конституциялық өзгерістер билік тармақтары арасындағы тежемелік және тепе-теңдік тетіктерін күшейтті. Парламенттің рөлі арттырылып, атқарушы билікке бақылау мүмкіндіктері кеңейтілді. Шешім қабылдау рәсімдерінің айқындығы мен заңнамалық процестің жүйеленуі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Институционалдық тұрақтылық инвестициялық орта үшін негізгі индикаторлардың бірі саналады.
Жаңа модель мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Өкілді органдардың ықпалының артуы, бюджеттік процестердің бақылауға алынуы және жария талқылау мәдениетінің қалыптасуы реттеушілік болжамдылықты арттырады. Ашықтық деңгейінің өсуі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал етеді.
Конституция әлеуметтік әділеттілік, адам құқықтарын қорғау және орнықты даму қағидаттарын бекітеді. Қоғамдық тұрақтылық пен әлеуметтік теңгерім ұзақ мерзімді инвестициялар үшін маңызды шарттардың қатарында. Инвесторлар экономикалық көрсеткіштермен қатар, әлеуметтік саясаттың болжамдылығын және мемлекеттің қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету қабілетін бағалайды.
Жаңа редакцияда ғылым мен инновацияны дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге басымдық берілуі экономиканың жоғары технологиялық секторларына инвестиция тарту үшін құқықтық алғышарттар жасайды. Цифрландыру мен жасанды интеллект бағыттарының қолдау табуы елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Жаңа Конституция инвестициялық саясатты құқықтық тұрғыдан нығайтып, меншік кепілдігін, кәсіпкерлік еркіндігін және сот арқылы қорғау механизмдерін нақтылайды. Институционалдық тұрақтылық, билік тармақтарының теңгерімі және мемлекеттік ашықтықтың күшеюі инвестициялық ортаның сапасын арттырады.
Осы өзгерістерді 15 наурызда өтетін референдумда қолдау – елдің ұзақ мерзімді экономикалық дамуын, инвестициялық тартымдылығын және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадам болмақ. Референдум нәтижесі Қазақстанның құқықтық жаңғыру жолындағы бағытын айқындап, инвесторлар үшін тұрақты әрі сенімді орта қалыптастыруға негіз қалайды.

