CaspianLife, 25 ақпан. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов халықаралық испаниялық Aqualia компаниясының өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесудің негізгі тақырыбы – қала және қала маңындағы аумақтардағы сумен жабдықтау, су тазарту және су бұру жүйелерін жаңғырту мәселелері болды.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөздерге табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, сондай-ақ кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшылары қатысты. Кездесу барысында өңірде су ресурстарын ұтымды пайдалануға ерекше көңіл бөлінетіні атап өтілді.
— Атырауда кәріз, жауын-шашын және еріген қар суларын басқару мәселелері өзекті күйінде қалып отыр. Су — стратегиялық маңызды ресурс. Сондықтан оны тиімді әрі ұтымды пайдалану, сондай-ақ су үнемдеу мен тазартудың озық технологияларын енгізу – басым бағыт, — деді С. Шәпкенов.
Aqualia компаниясының өкілі Хосе Мигель Сантос компанияның Атырау облысымен ынтымақтастыққа қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
— Қазіргі уақытта біз Батыс Қазақстан облысымен жұмыс істеп жатырмыз. Техникалық зерттеу жүргізілуде. Енді қызмет аясын Атырауға кеңейтуге мүдделіміз. Қаланың су жүйесінің тиімділігін арттыру үшін өз біліміміз бен тәжірибемізді қолданғымыз келеді, — деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастыққа қызығушылық білдіріп, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы бірлескен жобалардың форматтарын пысықтауды жалғастыруға келісті.
CaspianLife ескертпесі: 2025 жылдың мамыр айында Астанада Aqualia компаниясының делегациясы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевпен кездескен болатын.
ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің мәліметінше, су тазарту технологиялары мен сумен жабдықтау саласындағы әлемдік ірі көшбасшылардың бірі саналатын Aqualia Қазақстанда кәріздік тазарту құрылыстарын (КТҚ) салу және жаңғырту жобаларын іске асыруға қызығушылық білдірген.
Келіссөздер барысында Aqualia компаниясының Орталық Азия бойынша бас директоры Хосе Мигель Сантос Гонсалес компанияның Еуропа, Латын Америкасы, Солтүстік Африка және Батыс Азияның 18 елінде жобалар жүзеге асырған халықаралық тәжірибесі бар екенін айтып, Қазақстанның су инфрақұрылымын дамытуға үлес қосуға дайын екенін мәлімдеген. Жүзеге асырылған жобалардың қатарында Грузиядағы су арнасын жекешелендіру және басқару жобасы бар.
Тараптар энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоба аясында саланың инвестициялық әлеуетін, отандық өндірушілерді қолдау мәселесін және өзге де ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Қанат Бозымбаев компанияға ел аумағындағы кәріздік тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңғырту жобаларына қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Сондай-ақ, инфрақұрылымдық жобаларды қарқынды дамып келе жатқан қалалар мен қала маңындағы аумақтарда іске асыруға компанияның қатысу мүмкіндігін қарастыру жөнінде шешім қабылданды. Aqualia компаниясы Қазақстанда жобаларды ұзақ мерзімді негізде жүзеге асыру үшін өз тәжірибесі мен технологияларын бөлісуге дайын екенін растады.

