CaspianLife, 20 ақпан. Маңғыстауда Қ. Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының ұжымына жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында кездесу өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Жиынға Маңғыстау облыстық коалиция мүшелері мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Басқосуда жаңа Конституциядағы өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты түсіндірілді. Маңызды құжатты арнайы 130 мүшеден тұратын Конституциялық комиссия қарағаны айтылды. Құжаттағы білім, ғылым, инновация, жасанды интеллект, тіл мәселелері және табиғатты қорғау бағытындағы жаңашылдықтар талқыланды.
Қ. Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасы кітапханашысы Мөлдір Мырзатаева жаңа Конституция бойынша пікір білдірді.
-Бүгін өңірлік коалиция мүшелері жаңа Конституцияға байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нақты әрі толық ақпарат берді. Өз ойымды айтар болсам, қазіргі таңда жаңа Ата Заңымызға өзгерістер енгізіліп, адам өмірі мен құқығы басты құндылық ретінде айқындалды. Бұл өзгерістерді мен қолдаймын. Себебі көпбалалы ана ретінде және ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Балалардың дені сау құрдастарымен бір мектепте білім алып, қоғамда бірге өмір сүруіне жағдай жасау бағытында маңызды әрі оң өзгерістер енгізілген деп есептеймін. Сонымен қатар тіл туралы заңдағы өзгерістер де көңіл қуантады. Жалпы енгізіліп жатқан барлық өзгерістерді қолдаймын және халықты 15 наурызда өтетін референдумды қолдауға шақырамын, — деді Мөлдір Мырзатаева.

