Caspianlife, 20 ақпан. 2025 жылы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің (ЭТД) өндірісінде болған қылмыстық істерді аяқтау көрсеткіші 72%-ды құрады. Оның ішінде 25 іс сотқа жолданса, үш қылмыстық іс ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі (ӨКҚ) алаңында өткен брифингте Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-ттексеру департаменті басқармасының басшысы Бекболат Әнесов мәлімдеді. Оның айтуынша, аяқталған істер бойынша келтірілген жалпы залал көлемі 1 млрд 553 млн 120 мың теңгені құраған. Соның ішінде сотқа дейінгі тергеу барысында 1 млрд теңге мемлекетке қайтарылған.
Сондай-ақ, Б.Әнесов ҚР Қылмыстық кодексінің 216-бабы (жұмыстарды нақты орындамай, қызмет көрсетпей және тауар жөнелтпей жалған шот-фактуралар жазу) бойынша қозғалған қылмыстық іс туралы айтты. Аталған іс аясында «кәсіби қолма-қол ақшаға айналдырумен» айналысқан Тұяқбаев, Арғалаш және Болатов есімді азаматтар жауапқа тартылған. Тергеу барысында олардың контрагенттері 590 млн теңге көлемінде салық төлеуден жалтарғаны анықталған. Оның 304 млн теңгесі тергеу кезінде өндірілген.
Бұдан бөлек, аталған тұлғалардың 55 млн теңгеден астам қаражатты қылмыстық жолмен алғаны белгілі болды. Бұл факт тергеу барысында қосымша ҚР ҚК-нің 218-бабы — қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) бойынша сараланды. Сот үкімімен аталған тұлғалар кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Брифинг барысында Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мүлікті сотқа дейінгі тергеу сатысында-ақ мемлекет кірісіне айналдыру тәжірибесін қолданатыны да айтылды. Мысал ретінде Бекболат Әнесов ҚР ҚК-нің 245-бабы (ұйымдардың салық төлеуден жалтаруы), 218-бабы (қылмыстық табыстарды заңдастыру) және 262-бабының 1-бөлігі (ұйымдасқан топқа басшылық ету) бойынша айыпталған Меңдіғазиевке қатысты істі келтірді. Тергеу сырттай аяқталып, оған қатысты айыптау үкімі шығарылған.
«Тергеу барысында сот Меңдіғазиевтің шоттарындағы 3,6 млн АҚШ долларын (шамамен 1,8 млрд теңге) алдын ала тәркілеу туралы өтінішті қанағаттандырды», — деді Б.Әнесов.

