CaspianLife, 20 ақпан. Атырауда «Шектелме» жобасының үшінші кезеңін қорытындылауға арналған «Shektelme Awards» іс-шарасы өтті. Оған облыстық әкімдік пен «Теңізшевройл» ЖШС өкілдері, жоба түлектері және қоғамдық белсенділер қатысты.
«Жаңаша» қоғамдық қоры бұл әлеуметтік жобаны 2023 жылдан бері «Теңізшевройл» ЖШС-нің (ТШО) әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында табысты жүзеге асырып келеді. Жобаның мақсаты — жұмыссыз жастар мен бала күтімі демалысындағы аналарды еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімдеу, сондай-ақ бастаушы кәсіпкерлерді қолдау. Жоба Атырау және Құлсары қалаларының (Жылыой ауданының әкімшілік орталығы) 16 мен 35 жас аралығындағы тұрғындарын қамтып, оларға медиа саласындағы сұранысқа ие бағыттар бойынша тегін білім берді.
Бірінші кезеңде Жылыой ауданынан 445 жас қатысып, табыс табуға мүмкіндік алды. Екінші кезеңде 538 адам қамтылды. Үшінші кезең 2025 жылдың мамыр айынан 2026 жылдың ақпанына дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында 689 жас тегін оқудан өтіп, жалпы сомасы 80 млн теңгеден астам табыс тапқан.
Іс-шара басталар алдында «Ауру», «Дәстүр-2», «Құшақташы, мама» фильмдерінің контент-маркетологы Қазбек Турдақын «Қалай көп қаралым жинап, оны сатылым мен танымалдылыққа айналдыруға болады?» тақырыбында тренинг өткізді.
Кейін маркетинг, графикалық дизайн, SMM, мобилография және таргеттелген жарнама бағыттары бойынша үздік түлектер марапатталды. Қазіргі таңда олар осы салаларда табысты еңбек етуде. Солардың бірі — Құлсары қаласының тұрғыны Жанабек Маликов.
— «Үздік таргетолог» номинациясының жеңімпазы атандым. Он жылға жуық Теңіз кен орнында жұмыс істедім. Болашақ кеңейту жобасы аяқталғаннан кейін қысқартуға ұшырадым. Жаңа табыс көзін табу үшін «Шектелме» жобасы аясында таргеттелген жарнама және кейін SMM курстарын оқыдым. Қазір алған білімімнің арқасында тұрақты табысқа ие болып отырмын, — деді ол.
Үшінші кезеңде білім алған 689 жастың шамамен 300-і бүгінде табыс таба бастады. Олардың 26-сы үздік қатысушылар ретінде танылды.

