CaspianLife, 18 ақпан. Ақтауда «Bayterek» сауда үйінде өңірлік коалиция мүшелерінің қатысуымен экспромт кездесу өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Іс-шараның негізгі мақсаты – алдағы референдумды насихаттау, жаңа Конституция жобасының мән-маңызын түсіндіру және тұрғындарды ел дамуына серпін беретін маңызды бастаманы қолдауға шақыру. Кездесу барысында коалиция мүшелері сауда үйінің қызметкерлерімен және қала тұрғындарымен жүздесіп, олардың сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ «Жаңа Конституция не үшін қажет?» деген өзекті тақырып аясында жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
-Бүгінгі кездесуде қоғам мен уақыт талабына сай жаңғырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Соңғы жылдары жасанды интеллект, цифрландыру, инновация және инвестиция секілді жаңа бағыттар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып, бұрынғы құндылықтардың жаңаша сипат алуына ықпал етті. Осыған байланысты ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басу үшін ауқымды өзгерістердің қажеттілігі айтылуда, — деді ақын, қоғам белсендісі Анар Шамшадинова.
Кездесу соңында Жаңа Конституция жобасының мемлекеттік тілде әзірленгені, әрбір нормасының мұқият сараланып, нақты әрі түсінікті түрде бекітілгені де кеңінен сөз болды.

