CaspianLife, 18 ақпан. Ұлы далада өздігінен өсетін қызғалдақ – махаббат пен еркіндіктің белгісі. Жаңарудың символы саналатын гүлдің бұл түрін атыраулық кәсіпкер жылыжайда өсіруде. Ол өткен жылдың соңында 200 мың түп қызғалдақ еккен.
Caspian News телеарнасының хабарлауынша, Бақыт Исхакова 1994 жылдан бері гүл бизнесімен айналысады. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеген ол бұл салаға кездейсоқ келген. Жылыжай салып, гүл өсіру туралы ой бұрыннан болған. Дегенмен кәсіпкер ең алдымен оны сататын дүкен ашуды мақсат етеді. Бақыт Исхакованың айтуынша, жылдан жылға гүлді өзге өңірлер мен шет мемлекеттерден сатып алу қиындаған. Кеден, логистика сынды себептер күрделене бергеннен кейін бұл іске бел буып, нық сеніммен кіріскен. 2025 жылдың көктемінде Голландияға пиязшықтарға тапсырыс беріп қойған. Ол желтоқсанда өңірге жеткен.
«Көпшілік бұл істі жеңіл көріп, «қызғалдақ егіп көрсем қайтеді» деп бастап жатады. Оның оңайы да, қиыны да бар. Алайда өнімді сатуға келгенде көпшілігі тығырыққа тіреледі. Бір партиясын сатады, енді бір бөлігі өтпей қалады. Соның салдарынан келесі жылы бұл іске деген қызығушылықтары бәсеңдеп кетеді. Ал бізде ондай мәселе болмайды. Себебі өнімді өз дүкендерімізде өткізетінімізді нақты білеміз. Келер жылы еліміздің батысындағы басқа өңірлерге көтерме бағада сатуды жоспарлап отырмыз», — деп Бақыт Исхакова түсіндірді.
Осы жылы қыс мінезін көрсеткендіктен, гүлдерді жылыжайда өсіру оңай болмаған. Қызғалдақ өсу үшін арнайы орындағы ауа температурасы 14-16°C болуы қажет. Бұдан жылы болса тез гүлдеп, ұзындығы қысқа болып қалады. Қазір бұл жұмыстың басы қасында Бақыт Исхакованың ұлы мен келіні жүр. 12 түрлі сорт қызғалдақ гидропонды жәшікке егілген.
Айгерім Дәулетиярова Айгерім Дәулетиярова өсіру процесін былайша баяндады:
«Біз гидропонды жәшікке отырғызамыз, жерге отырғызбаймыз. Жәшікке отырғызып болғаннан кейін оны холодильникке жібереміз. Холодильникте тамырларын беру керек. Үш аптадай. Үш аптадан кейін жылыжайға шығарамыз. 2 аптаның ішінде 7 градустан 14 градусқа дейін жәйлап жәйлап көтереміз. Вентеляция жақсы болуы керек. Жылы болу керек. Сквозняк болмау қажет».
Caspian News мәліметінше, кәсіпкер осы уақытқа дейін қызғалдақтың бұл түрін Голландия, Ресей және Белоруссиядан алып келген. Өткен жылы дүкендерінде қызғалдақтың данасын 800 теңгеден сатқан. Биыл отандық өнімді 700 теңгеден сатуға шығармақ.
Кәсіпкер мемлекеттен қолдау болса, гүлді арзан бағада сатуға мүмкіндік болатынын айтады. Бизнес өкілдері келер жылы қызғалдақты көбірек өсіріп, батыс өңірін қамтуды көздеп отыр. Ал биылдан қалдырмай 11 500 пионо гүлін егуді жоспарлауда.

