Қазақстанда Каспийдегі итбалықтарды Қызыл кітапқа енгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл жөнінде Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі комитетінің комиссия отырысында айтылды. Мәселе май шаммен қарауды қажет етеді, себебі Каспийдің итбалықтары – аталған сүтқоректінің әлемдегі ең шағын түрі.
Александр ИВАСЕНКО, биолог:
– Мұндай итбалықтың түрін әлемнің еш жерінен кездестіре алмайсыз. Осындай ерекше жануарлар үшін посткеңестік кеңістікте екі су қоймасы болған. Бірі – Байқалда, екіншісі – бізде.
Жобаны қолға алғандар бұл шара итбалықтың жойылып кетпеуіне септігін тигізіп, болашақта ерекше қорғалатын табиғи аумақты қалыптастыруға негіз болады деп сендірді. Бірақ кей ғалымдардың пікірінше, Қызыл кітапқа енгізумен мәселе шешілмейтін көрінеді, ол үшін нақты әрекеттер қажет.
Мерғали БАЙМҰҚАНОВ, Гидробиология және экология институтының жетекшісі:
– Үкіметтің қаулысы шыққан бойда алдымен тормен балық аулауға тыйым салу қажет. Сондай-ақ, теңіз жануарларын құтқарып, зерттеудің нақты механизмі жоқ. Мысалы, жағаға шығып қалған ауру итбалықты емдеу орталығына жеткізсек, заң бұзған болып есептелеміз. Апара жатқан жолда жануар өліп кетсе, кімнің жауапты болатыны тағы белгісіз. Міне, осы себепті де халық мән-жайды егжей-тегжейлі білмей тұрып, әрекет ете алмайды.
Тағы бір мәселе – итбалықтарды жойылып кетуден сақтау және оларды көбейту жұмыстарына арналған кешенді жоспардың жоқтығы.
Мерғали БАЙМҰҚАНОВ, Гидробиология және экология институтының жетекшісі:
– Жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажет. Мысал ретінде ірі көлемді зерттеулер мен нақты нәтиже беретін ұсыныстарды айтуға болады.
Александр ИВАСЕНКО, биолог:
– Қызыл кітапқа енгізу үшін алдымен зерттеу жұмыстары жасалуы тиіс. Себебі, ғалымдардың өзі итбалықтардың нақты саны жөнінде бір шешімге келе алмай отыр. Бірі 160 мыңдай теңіз жануары бар десе, екіншісі шамамен 70 мың дейді. Нақты ақпарат ешкімде жоқ. Алдымен олардың тіршілік етуіне кері әсер ететін факторларды анықтаған жөн.
Каспий итбалығы теңіз маңындағы басқа елдерде Қызыл кітапқа енгізілген. Енді бұл бастаманы біздегілер де жалғастырмақ. Бірақ мамандар асығыс шешім қабылдамауға кеңес береді.