CaspianLife, 16 ақпан. Caspian News телеарнасының хабарлауынша, 1965 жылы салынған орталық көпірдің қасына 10 метр қашықтықта жаңа көпір салынуы мүмкін. Жобаны қытайлық компания әзірлеп жатыр. Пайдалануға берілгеніне 60 жылдан асқан стратегиялық маңызы бар нысан тек бір мәрте күрделі жөндеуден өткен. Ал одан бері әкімдік жыл сайын шұңқыр ойықтарын жамап-жасқаумен жан бағып келе жатыр.
Баспасөз брифингінде Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин бұл жұмысты әлемдегі үздік 500 компанияның қатарына жататын қытайлық мекемеге тапсырғанын айтты. Жаңа көпірдің құрылысы аяқталғаннан кейін ескісін қолдану жолдары қарастырылмақ. Биыл шетелдік компания өкілдері әкімдерге жобаның жай-жапсарын таныстырған. Сондай-ақ құрылыстың Жайық өзенінің қос жағалауында қалай жүргізілетіні көрсетілген. Наурыз айында жоба қайта пысықталып, Атырау билігіне тағы да таныстырылады. Қазіргі уақытта орталық көпірдің астынан диаметрі 400 мм жылу құбыры өтіп жатыр. Бұл құбыр оң жағалаудағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу беріп отыр.
Шәкір Кейкиннің сөзінше, «Нұрсая» ықшам ауданында салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандарға осы құбырдың қуаты жетпейді.
«Жылу желілерімен айналысатын мекеме жаңа көпірдің астына 700 диаметрлік құбыр жүргізу мәселесін ұсынып отыр. Біз бір оқпен екі қоян атып, жылу жүйемізді де, көпірді де жаңарту ойымыз бар. Толық жұмысты бастау үшін жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржы мәселесі шешілуі керек», — деді қала әкімі.
Аймақ басшысы қытайлық компанияға жобаны жеделдетуді тапсырды.

