CaspianLife, 16 ақпан. Маңғыстау облысы Қарақия ауданында орналасқан ерекше бедерлі пішінге ие Боқты тауының фотобейнесі 12 миллионнан астам оқырманы бар шетелдік @thetrilionairelife журналында жарияланды.
— Тұмса табиғаты төңірекке табан тірегеннің түгелін тәнті еткен Боқты тауының ерекше тұсы — тереңге бойлаған геологиялық тарихы. Миллиондаған жыл бұрын бұл өңір ежелгі теңіздің табаны болғаны тарихтан мәлім. Су қайтқан соң шөгінді қабаттар қатайып, уақыт өте келе мүжіліп, бүгінде шөл даланың ортасында жалғыз тұрған мүсінге ұқсас пішінге айналған. Оның айналасында ештеңе жоқ. Орман да жоқ. Шексіздікке ұласқан ұлан-асыр дала аспанмен астасып жатыр. Осы кеңістікте көкке ұмсынған Боқты айрықша көрінісімен көзге түседі. Шетелдік саяхатшылар үшін табиғат тосынсыйына баланған Боқты — Қазақстанға келушілердің қызығатын басты бағдарына айналды. Адам қолы тимеген тұмса қалпы, ғаламат көрінісі, өзге кеңістіктегідей күй кешіреді, — делінген @thetrilionairelife парақшасында.
(Сурет: Қоғамдық коммуникация орталығы)





