CaspianLife, 15 ақпан. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласында салу жоспарланып отырған 10 мың көрерменге арналған заманауи футбол стадионының жобасымен танысты.
Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба өңірдің спорттық инфрақұрылымын дамытуға және бұқаралық спортты қолдауға бағытталған. Тұжырымдама халықаралық стандарттарға сай келетін көпфункционалды спорт нысанын салуды көздейді.
Таныстырылым барысында стадионның UEFA талаптарына сәйкестігі және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері қаралды. Нысан балалар мен жасөспірімдерге арналған дайындық бағдарламаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, қалалық және бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған алаңға айналмақ.
Жоба аясында көрермендерге арналған қолайлы инфрақұрылым, негізгі футбол алаңы, спорттық-сауықтыру кешені, жаттығу және қалпына келтіру аймақтары, сондай-ақ қосалқы және техникалық бөлмелер қарастырылған. Барлық сәулеттік және инженерлік шешімдер спортшылар мен жанкүйерлер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Кездесу барысында өңір басшысы спорт инфрақұрылымын дамыту Маңғыстау облысы үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, қолданыстағы заңнама аясында жобаға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
«Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны нақтылап, оны кезең-кезеңімен іске асыру туралы келісті», — делінген хабарламада.

