CaspianLife, 13 ақпан. Маңғыстау облысындағы Құрық портына Бельгия Корольдігінен жалпы салмағы 19,2 тонна болатын карантинге жатқызылған өнім — алмұрт партиясы жеткізілді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжаттық тексеру барысында өнімнің Қазақстан аумағына мемлекеттік шекара арқылы карантиндік жүктерді өткізу кезінде міндетті болып саналатын фитосанитариялық сертификатсыз әкелінгені анықталған.
«Өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптарының бұзылуына байланысты импорттаушыға әкімшілік айыппұл салынды, сондай-ақ өнім партиясын экспорттаушы мемлекет — Бельгияға қайтару туралы акт рәсімделді», — делінген хабарламада.
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті фитосанитариялық талаптарды сақтау өсімдік өнімдерінің халықаралық саудасында міндетті шарт екенін еске салды. Бұл талаптар ел аумағына карантиндік нысандардың әкелінуі мен таралуының алдын алуға бағытталған.

