CaspianLife, 12 ақпан. Қазақстанда газ тұтыну нормасын бекіту және тариф саясатын өзгерту ұсынылды. Парламент Мәжілісінде қаралған «Газбен жабдықтау және тауарлық газды ұқыпты тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сәйкес, белгіленген нормадан артық газ пайдаланған жағдайда баға сараланған тәсілмен есептелуі мүмкін.
Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, қазіргі тариф жүйесі нақты тұтыну көлемін және өңірлердің климаттық ерекшеліктерін ескермейді. Бұл әлеуметтік әділеттілік қағидатына қайшы әрі газды үнемдеуге ынталандырмайды. Сол себепті, су мен электр энергиясы саласындағы тәжірибе негізінде тұтыну нормасын енгізу ұсынылуда.
Қазіргі таңда Қазақстанның газ ресурстық базасы 3,8 трлн текше метрді құрайды. Жылдық өндіріс көлемі шамамен 60 млрд текше метр болса, ішкі тұтыну 21,6 млрд текше метрге жеткен. Елді газдандыру деңгейі 64,2 пайызды құрайды.
«Өңірлерді газдандыру деңгейі 64,2 пайызды құрады. Нәтижесінде қоданыстағы газ қорына үлкен жүктеме түсіп отыр. Ал 2028 жылға қарай елде газ тапшылығы болады деген қауіп бар. Қазір нақты шешім қабылданбаса, бұл мәселе әлеуметтік және экономикалық проблема тудыруы мүмкін», — деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов.
ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев газ тапшылығын болдырмау үшін барлық шараларды қабылдап жатқанын атап өтті:
«Қазіргі таңда бізде газ өндіру, газ өңдеу зауыттары салынып жатыр. 2026 жыл соңына дейін Қашаған кен орнында бір зауыт беріледі. 2030 жылға дейін 2,5 млрд текше метр қосымша өндіріледі, ал осы жылдың соңына дейін 1 млрд текше метрді қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сонымен қатар, келесі жылы Жаңаөзенге КазГПЗ зауыты жөндеуден өтеді. Геологиялық барлау жұмыстары және газ өңдеу зауыттарын іске қосу арқылы ресурстық база ұлғайып, дефицит мәселесі шешіледі деп сендіреміз», — деді вице-министр.
Заң жобасы аясында жаңа автогаз құю станцияларында сыйымдылықтарды жер астына орналастыру міндеттелмек. Қолданыстағы станциялар 2031 жылға дейін резервуарларын жер астына көшіруі тиіс. Сонымен қатар, рұқсат етілмеген орындарда газ толтыруға тыйым салынады. Газды есепке алу жүйесін цифрландыру да жоспарланған: қазіргі 2,1 млн абоненттің көпшілігі есептегіш көрсеткішін қолмен тапсырады, болашақта деректерді қашықтан беретін есептегіш құралдарға кезең-кезеңімен көшу көзделген.
«Көп салада делдалдар отыр. Газ тарату жүйесінде бірнеше компания болса, тарифтің өсуіне алып келеді. Сондықтан біз магистралдық құбырдан тұрғындарға дейінгі газ тарату жүйесінде тек бір ғана газ таратушы ұйым болуы керек дейтін норманы қабылдадық», — деп атап өтті Еділ Жаңбыршин.
Сондай-ақ, газ инфрақұрылымын басқарудағы түйткілдерді шешу үшін жеке инвесторлар салған газ құбырларын инвестициясы өтелгеннен кейін газ тарату ұйымының меншігіне беру ұсынылып отыр. Бұл иесіз қалған желілер мәселесін шешуге бағытталған.
Дереккөзі: Caspian News

