CaspianLife, 12 ақпан. Салық төлеушілер 1 наурызға дейін оңайлатылған декларация негізіндегі салық режимін қолдану үшін хабарлама тапсыруы қажет.
Мұндай мәлімдемені Атырау облысы Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады. Егер көрсетілген мерзімде талап орындалмаса, салық төлеушілер автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауыстырылады. Өтінішті онлайн салық төлеушінің кабинеті, E-Salyq Business арнайы мобильді қосымшасы арқылы немесе орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде тапсыруға болады.
Режимді қолдану шарттары:
-
жылдық табыс 600 000 АЕК-тен (2 595 000 000 теңгеден) аспауы тиіс;
-
қызмет түрі арнайы салық режимін қолдануға тыйым салынған қызметтер тізіміне кірмеуі керек;
-
әлеуметтік салық пен қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуші болмауы қажет.
Атырау облысы бойынша салық мөлшерлемесі – 2 пайыз.
Серіккерей Қуанoв, Камералдық мониторинг басқармасының №2 камералдық мониторинг бөлімі басшысы, мәлімдегендей:
«Жалпыға бірдей декларацияның тиімділігі былтыр 3 пайыз болды. Қазір Салық кодексі бойынша 4 пайыз, ал жергілікті мәслихаттың қарауымен 2 пайызға төмендетілді. 2025 жылы жалпыға бірдей декларацияның жарты жылдық шектік мөлшері – 78 млн теңгеден асса, қазір 2 млрд 500 млн теңгеге дейін салық төлеушілер жұмыс істей алады».
Биыл қолданысқа енген Салық кодексі үш арнаулы салық режимінен тұрады. Олар: оңайлатылған декларация негізінде, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға және шаруа және фермер қожалықтарына арналған.
(Дереккөз: Caspian News телеарнасы)

