CaspianLife, 11 ақпан. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Каринді және Конституциялық комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады.
Akorda.kz сайты хабарлағандай, Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасы бойынша Комиссияның атқарған жұмыстарының нәтижесімен таныстырылды.
Эльвира Әзімова Комиссияның он екі отырысының нәтижесінде жаңа Конституцияның соңғы жобасы әзірленгенін баяндады. Жаңа Конституция мәтіні өткен жылдың қазан айынан бастап азаматтар мен сарапшылар қауымдастығының eGov және e-Otinish порталдары арқылы жолданған бастамашыл ұсыныстар негізінде дайындалған. Сонымен қатар, жобаға Парламент реформасы жөніндегі жұмыс тобының қазан–қаңтар айларында жасалған ұсыныстары енгізілген. Эльвира Әзімова атап өткендей, Конституциялық комиссия жаңа Конституция жобасын жалпыұлттық референдумға шығару ұсынысын жасады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссияның ауқымды әрі маңызды жұмыс атқарғанын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа Конституциядағы нормалар еліміздің институционалдық негізін трансформациялау процесін аяқтап, мүлдем жаңа конституциялық модельге өтуін білдіреді.
Сонымен қатар, Президент жаңа Конституция жобасының қоғамдық құндылықтар мен мемлекеттік саясат принциптерін көрсетіп қана қоймай, Қазақстанның ұзақмерзімді прогрессивті дамуы үшін берік негіз қаландығын баса айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия мүшелеріне кәсіби және жауапты көзқарасы үшін алғыс білдірді. Президент комиссия мүшелерінің жаңа Конституция жобасын тікелей эфирде талқылауы қоғамдық диалог деңгейінің жоғары екенін көрсетті деп атап өтті.
Мемлекет басшысы сондай-ақ жобаны әзірлеуге және талқылауға қатысқан мыңдаған бейжай емес азаматтардың белсенділігін атап өтті. Бұл «Тыңдайтын мемлекет» қағидаттарына сәйкес келеді және жаңа Конституцияның шын мәнінде халықтық сипатына ие екенін көрсетеді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада жаңа Конституцияны қабылдау туралы республикалық референдум өткізуді жарлықпен бекітетінін» атап өтті, – делінген ҚР Президенті баспасөз қызметінің хабарламасында.
P.S. Қатысты Жарлық бүгін-ақ қол қойылды. Онда республикалық референдум бір айдан кейін – 15 наурызда өтетіні көрсетілген:
«Республикалық референдумға Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасын шығару, сұрақ мынадай түрде қойылады: «Сіз 2026 жылғы 12 ақпанда БАҚ-та жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» – деп жазылған Жарлықта.
Сонымен қатар, Конституция жобасы ресми түрде 12 ақпан күні БАҚ-та жарияланатыны атап көрсетілген.

