CaspianLife, 9 ақпан. Өңірдегі медициналық ұйымдардың қызметінде жүйелі заң бұзушылықтар прокурорлар тарапынан анықталды.
Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, жалған медициналық қызмет көрсету фактілері, денсаулық сақтау субъектілерінің біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар әшкереленген. Атап айтқанда, ұйымдардың бірін тексеру барысында 600 млн теңгеден астам бюджет қаражатының жымқырылғаны анықталды.
«Қаражат алушылардың банк деректемелерін ауыстыру арқылы заңсыз шығарылып, байланысты шоттарға аударылған. Сондай-ақ көрсетілмеген қызметтер, жеткізілмеген дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар үшін төлем жасау фактілері де тіркелді. Аталған мән-жайлар бойынша облыс прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады, оларды арнайы прокурорлар жүргізуде», — делінген прокуратура хабарламасында.

