CaspianLife, 9 ақпан. Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Койнов С.С. пен өзге де қатысы бар тұлғаларға қатысты заңсыз кәсіпкерлік қызмет және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактілері бойынша тергеуді аяқтады.
ҚМА баспасөз қызметінің еске салуынша, өткен жылдың қыркүйек айында комиссиялық дүкендер ретінде бүркемеленген ірі ломбардтар желісі арқылы заңсыз микрокредит ауқымды схемасы әшкереленген.
«“Актив Ломбард” желісінің иесі Койнов С.С. комиссиялық қызмет түрінде жеке тұлғаларға микрокредит беру схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Қызметке заңды сипат беру мақсатында Койнов С.С. өз бақылауындағы материалдық-техникалық базасы мен әкімшілік ресурстары бар “Актив Ломбард” ЖШС-ін пайдаланған, сондай-ақ сенімді тұлғалардың атына тіркелген және формалды түрде комиссиялық саудамен айналысқан “One Billion Sales”, “The Best Seller” және “Shark in Sales” ЖШС секілді байланысы бар заңды тұлғалар желісін құрған.
Аталған компаниялар “Актив Маркет” бірыңғай брендімен жұмыс істеп, іс жүзінде мүлікті кепілге қою арқылы жоғары пайыздық мөлшерлемемен микрокредит беруге пайдаланылған. Комиссиялық бөлімшелер “Актив Ломбард” ЖШС филиалдарымен бір ғимараттарда орналасып, клиенттерге қызмет көрсетуді бірдей қызметкерлер жүзеге асырған.
Клиенттермен жасалған комиссия шарттары формалды әрі жалған сипатта болған. Сыйақының орташа мөлшерлемесі күніне 1,73%-дан 2,07%-ға дейін жетіп, белгіленген нормадан (0,3%) шамамен 5 есе асып түскен, бұл азаматтардың құқықтарының елеулі түрде бұзылуына әкелген. Нәтижесінде 1,9 миллионнан астам шарт жасалып, қылмыстық кіріс көлемі 19 млрд теңгеден асқан», — делінген ҚМА хабарламасында.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыстық жолмен алынған кірістердің көзін жасыру мақсатында Койнов С.С. оларды заңдастырудың көпдеңгейлі схемасын әзірлеп, іске асырған. Бұл үшін байланысы бар компаниялармен жасалған жалған шарттар, сондай-ақ қаражатты банк шоттары арасында бірнеше рет аударып, кейін дивиденд ретінде шығару тәсілдері қолданылған. Нәтижесінде 5 млрд теңгеден астам қаражат заңдастырылған.
Сондай-ақ Койнов С.С. бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу саласында формалды түрде қызмет атқарған “Zeus Co” ЖШС-ін тіркегені атап өтіледі. Бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу және сүйемелдеу қызметтері деген желеумен байланысы бар компаниялармен құны негізсіз жоғары шарттар жасалып, соның нәтижесінде “Zeus Co” ЖШС шоттарына 2,5 млрд теңге түскен. Оның 2,2 млрд теңгесі Койнов С.С.-ке дивиденд ретінде аударылған.
Сот санкциясымен тәркілеу мақсатында жалпы құны 8,9 млрд теңгені құрайтын жылжымалы және жылжымайтын мүлікке, жарғылық капиталдағы үлестерге және зергерлік бұйымдарға тыйым салынды.
«Тыйым салынған мүліктердің қатарында: елордадағы төрт пәтер мен екі тұрғын үй, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі төрт апартамент, Lexus LX 600, Rolls Royce Cullinan, Mercedes-Benz G63, Bentley Bentayga V8, Land Rover Range Rover Sport сынды алты автокөлік, сондай-ақ депозиттердегі 2,7 млрд теңге көлеміндегі ақша қаражаты бар», — деп нақтыланды хабарламада.
Койнов С.С. қамауға алынды. Оның төрт сыбайласына қатысты елден кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

