CaspianLife, 6 ақпан. Кеше, 5 ақпанда «102» арнасына Атырау облысы Жылыой ауданының әкімшілік орталығы Құлсары қаласында 10-сынып оқушысының қатарластарымен болған жанжалдан кейін балтамен (видеода көрсетілген) оларға шабуыл жасап, мектеп аумағынан кетіп қалғаны туралы хабарлама түсті.
«Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған. Хабарлама түскен бойда оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу жетті. Жасөспірім анықталып, ұсталды. Оқиғаға қатысушылар мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді. Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деп хабарлады Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алайда, жарақаттың сипаты және қалай алғаны нақты көрсетілмеген. Ресми хабарламада 15 жасар күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, Ішкі істер органдарының есептік тізіміне енгізілгені айтылған. Материалдар шешім қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды. Сондай-ақ, ата-аналарына кәмелетке толмағанды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалған.
Сонымен қатар, қылмыстық іс аясында білім бөліміне оқиғаның орын алуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізілген. Тергеу қорытындысы бойынша білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының және оқу орнын күзеткен күзет агенттігінің қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.

