Caspianlife, 6 ақпан. Кеше Денсаулық сақтау министрлігінде ведомство басшысы Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайға арналған республикалық штабтың отырысы өтті.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, штаб отырысына облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкім орынбасарлары, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау аумақтық департаменттерінің өкілдері қатысты.
Отырыс барысында қызылшамен сырқаттанушылықтың қазіргі ахуалы, қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ алдын алу жұмыстарын күшейту және халықты вакцинациялаумен қамтуды арттыруға бағытталған қосымша қадамдар талқыланды. Денсаулық сақтау министрлігі барлық қажетті профилактикалық және індетке қарсы іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Дегенмен, жағдайдың толық тұрақтануына әзірге қол жеткізілген жоқ. Инфекцияның таралуының негізгі себебі бұрынғыдай вакцинациядан бас тарту болып отыр.
«Министрліктің деректеріне сәйкес, өткен жылдың соңынан бастап елде қызылшаға шалдығу көрсеткіші артқан. Эпидемиологиялық талдау науқастардың басым бөлігі вакцина алмаған азаматтар екенін көрсетеді», — делінген хабарламада.
Нақтылай айтқанда, науқастардың 79 пайызы егілмеген, тағы 8,4 пайызы толық емес иммундау курсынан өткен, ал 10 пайызында иммундық мәртебесі белгісіз. Ерекше алаңдататыны — егілмеген балалардың шамамен 59 пайызы ата-анасының шешімімен вакцина алмаған.
Жыл басынан бері республикада қызылшаның 1 951 жағдайы тіркелді. Ауруға шалдыққандардың ең көп саны Астана қаласында — 581 жағдай, Жамбыл облысында — 339, Алматы қаласында — 317 және Алматы облысында — 146 жағдай болып отыр.
Дәрігерлер қызылшаның ең жұқпалы вирустық аурулардың бірі екенін еске салады. Вакцинация болмаған жағдайда дерт ауыр өтіп, пневмония, есту қабілетінің жоғалу қаупі бар отит, жүйке жүйесінің зақымдануы, соның ішінде энцефалит, ал сирек жағдайларда өлімге дейін әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, қызылшамен ауырғаннан кейін адамның иммундық жүйесі ұзақ уақыт бойы әлсіреп тұрады.
Ең жоғары қауіп тобына кішкентай балалар, вакцина алмаған ересектер, жүкті әйелдер, сондай-ақ созылмалы аурулары бар және иммунитеті әлсіреген адамдар жатады. Жүкті әйелдерде қызылша түсік тастауға, мерзімінен бұрын босануға және ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.
«Қызылшаның алдын алудың жалғыз сенімді жолы — вакцинация. Екпе жеңіл қабылданады, жағымсыз әсерлер тудырмайды және инфекциядан әрі оның ауыр салдарларынан тиімді қорғайды», — деп атап өтті министрлік.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарды балалардың екпе мәртебесін тексеріп, Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес уақытылы вакцинациядан өтуге шақырады. Вакцинация туралы толық ақпаратты EGU.KZ сайтынан және 7701 нөмірі арқылы алуға болады.

