CaspianLife, 5 ақпан. Маңғыстау облысының тұрғындары Асель Ерімбетова мен Мерей Уразбеков Instagram парақшасында ұлды болғандарын қуанышпен хабарлады.
Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығының мәліметінше, ерлі-зайыптылар сәбиге есімін әйгілі футболшы Роналдоның құрметіне қоюды ұйғарған. Нәрестеге Уразалы Роналдо Мерейұлы деген есім берілген.
— Біз перзентханадан тыныш, ешқандай у-шусыз шығамыз деп ойлағанбыз… Бірақ жұбайым үйде осындай тосынсый дайындап қойыпты. Осындай қамқор жар сыйлағаны үшін Аллаға шексіз шүкір. Бақыт — дәл осындай қарапайым сәттерде, — деп жазды Асель Ерімбетова өз парақшасында.
Асель Ерімбетованың айтуынша, бұл есімді олар ұлының әлемдік деңгейде дамуын тілеп қойған.
— Біреулер баласына батырдың атын қояды, біреулер атасының есімін береді, ал біз ұлымыздың өмір жолында кең ойлайтын, өзін шектемейтін, әлемдік деңгейде өсуін қаладық. «Қазақша ат табылмады ма?» деп айтатындарға айтарым: қазақы рух атта емес, тәрбиеде. Ұлымды нағыз қазақ етіп тәрбиелеймін, уайымдамаңыздар. Ең бастысы — бұл есімді оған әкесі мен анасы сүйіспеншілікпен берді. Қалғанының бәрі — жай ғана фон, — деді ол.


