CaspianLife, 4 ақпан. Бұл шара Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылады және Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға, сондай-ақ әскери даярлығы бар резерв қалыптастыруға бағытталған.
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Үкімет қаулысына сәйкес қордағы 700 офицер Қарулы күштерге, 80 офицер Шекара қызметіне, 64 офицер Ұлттық ұланға және 15 офицер Төтенше жағдайлар министрлігіне жіберіледі.
Әскерге шақыру ең сұранысқа ие әскери-есептік мамандықтар бойынша жүзеге асырылады. Олардың қатарында авиациялық, инженерлік, артиллериялық, радиотехникалық, әскери-көліктік, медициналық, тылдық, ақпараттық және барлау бағыттары бар.
Хабарламада нақтыланғандай, әскери қызметке денсаулық жағдайы бойынша жарамды, жасы 29-ға дейінгі қордағы офицерлер, ал медициналық мамандықтар бойынша жасы 32-ге дейінгі және сұранысқа ие әскери-есептік мамандығы бар офицерлер шақырылады.
Сонымен қатар шақырылған офицерлердің әлеуметтік қамтамасыз етілуі келісімшарт бойынша әскери қызметшілер деңгейінде жүзеге асырылады. Қызмет өткеру кезеңінде олар ақшалай төлеммен, тұрғын үймен немесе тұрғын үй төлемдерімен, тамақпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі.
Қордағы офицерлер, әдетте, әскери есепте тұрған немесе тұрғылықты жері бойынша қызмет атқарады. Тұрақты жұмысы жоқ және әскери қызметке қызығушылық танытқан үміткерлерге басымдық беріледі.
Хабарлама алған жағдайда қордағы офицер жеке куәлігі мен әскери билетін (бар болса) ала отырып, жергілікті әскери басқару органына уақытылы келуі тиіс. Отбасылық жағдайына, білімін жалғастыруына немесе денсаулық жағдайына байланысты әскерге шақыруды кейінге қалдыру шақыру комиссиясының шешімімен берілуі мүмкін.
Әскери ведомствоның атап өтуінше, қордағы офицерлерді әскерге шақыру жоспарлы түрде және қолданыстағы заңнама аясында жүргізіледі.

