CaspianLife, 3 ақпан. Бұл деректер кеше «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы) Арман Қасеновтың Атырау қаласына жасаған жұмыс сапары барысында айтылды. Сапар аясында ол компанияның өндірістік нысандарын аралап, еңбек ұжымымен кездесті, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелер басшыларының есептерін тыңдады.
«ҚазТрансОйл» баспасөз қызметінің хабарлауынша, Атырау мұнай құбыр басқармасы (МҚБ) «ҚазТрансОйл» АҚ-ның құрылымдық бөлімшесі болып табылады және ішкі нарық пен экспорт бағыттары бойынша негізгі мұнай тасымалын қамтамасыз етеді.
Атап айтқанда, мұнай жеткізу «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не, сондай-ақ Солтүстік-Батыс құбыр компаниясының (СБҚК) «Мұнайтас» мұнай құбырлары жүйесі арқылы Павлодар мұнай-химия зауытына және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-не жүзеге асырылады. Сонымен қатар, мұнайды «КҚК-К» АҚ мұнай құбырлары жүйесіне және «Атасу – Алашанькоу» магистральды мұнай құбыры арқылы Еуропа елдері мен Қытайға экспорттау үшін айдау қарастырылған.
Хабарламада атап өтілгендей, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Атырау (МҚБ) арқылы тасымалданған мұнайдың жалпы көлемі 25,3 млн тоннаны құрап, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 0,7 млн тоннаға артық. Басқарманың жүк айналымы 6,983 млрд тонна-километрге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 0,4 млрд тонна-километрге артқан.
2025 жылғы өндірістік қорытындылар туралы «Магистральды су құбыры» ЖШС-нің бас директоры Еркін Таңқыбаев баяндады. «Магистральды су құбыры» Атырау облысының бірқатар аудандары, сондай-ақ Маңғыстау облысының қалалары мен аудандары үшін ауызсуды орталықтандырылған түрде жеткізетін жалғыз көз болып табылады. Есепті кезеңде компания 25,9 млн текше метр су тасымалдап, оның шамамен 60 пайызы халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үшін коммуналдық кәсіпорындарға бағытталған.
(Материалдың толық нұсқасы «ҚазТрансОйл» сайтында жарияланған.)

