CaspianLife, 2 ақпан. Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев ауа райының қолайсыздығына байланысты төрт түлік малдарына жете алмай отырған шаруашылық иелерімен арнайы кездесу өткізді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу барысында аудан басшысы шаруалардың жағдайымен танысып, көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды тыңдады.
Қыс мезгіліндегі қарлы боран мен қолайсыз ауа райы салдарынан бірқатар елді мекендердегі шаруашылықтарға қатынау қиындаған болатын. Осыған байланысты аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен арнайы техникалар жұмылдырылып, шаруашылық иелеріне мал қыстақтарына апаратын уақытша жолдар ашылды. Бұл жұмыстар Сам, Ноғайты және Тұрыш ауылдарына қарасты шаруашылықтарда жүргізілді.
Кездесу барысында аудан әкімі шаруаларға жем-шөп мәселесіне де тоқталып, жем бағасы Бейнеу ауданындағы бағамен бірдей көлемде жеткізілгенін атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта да мұндай қолдау шаралары жалғасатынын жеткізді.
— Қазіргі ауа райының бұзылуы – табиғи құбылыс. Әр мезгілдің өзіне тән қиындықтары бар. Кеше аудан әкімінің орынбасары мен жауапты бөлім басшыларын жіберіп, жағдайларыңызды білдім. Бүгін өзім арнайы келіп, көзбен көріп отырмын. Ең бастысы – осы ауа райында қауіпсіздікті сақтау, сыртқа шыққанда адаспай, үсіп қалмау. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ аудан әкімі қиын кезеңде бірлесе жұмыс атқарып жатқан шаруашылық иелеріне алғысын білдіріп, арнайы техникамен көмек көрсеткен Сам ормандарын қорғау мекемесі мен 99116 әскери бөлімінің басшылығына аудан тұрғындары және жеке өзі атынан ризашылығын жеткізді.
Кездесу соңында Сам, Ноғайты және Тұрыш ауылының тұрғындары аудан әкімінің ел ішіне өзі келіп, жағдайды көзбен көріп, нақты қолдау көрсеткеніне алғыстарын білдірді.





