CaspianLife, 29 қаңтар. Атырау қаласында «Атырау облысындағы бірыңғай торапта магистральдық құбырлар (этан, пропан) салу» жобасы аясында алғашқы ай сайынғы жұмыс кеңесі өтті. Кеңеске «KMG PetroChem» ЖШС, CITIC Construction Co., Ltd., «ЧППИ Казахстан» ЖШС және China Petroleum Pipeline Engineering Co. басқаруымен құрылған консорциум өкілдері қатысты.
«KMG PetroChem» ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жоба Қазақстан үшін бірегей саналады. Алғаш рет этан және пропан құбырлары біртұтас техникалық торап аясында салынбақ. Әрбір магистральдық құбырдың ұзындығы шамамен 210 шақырымды құрайды. Жоба этан мен пропан фракцияларын сұйытылған күйде болашақта полиэтилен және полипропилен өндіретін зауыттарға тұрақты әрі үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Жиын барысында «KMG PetroChem» командасы жобаны іске асыру қарқынын жеделдету қажеттігін атап өтіп, алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтарды айқындады. Атап айтқанда, жұмыстардың егжей-тегжейлі кестесін қоса алғанда, базалық жобалық, жоспарлау және ұйымдастырушылық құжаттаманы уақтылы әзірлеу мен келісуге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар кеңеске қатысушылар инженерлік ізденістер жүргізу, жобалық шешімдерді бейімдеу, сондай-ақ бейінді мердігер ұйымдарды тарта отырып құрылыс жұмыстарын жоспарлау мәселелерін талқылады. Жобаның табысты жүзеге асуы үшін консорциум басшылығы арасындағы ашық өзара іс-қимыл мен белсенді қатысудың маңыздылығы атап өтілді.
Айта кетейік, аталған бастама еліміздегі мұнай-газ химиясы саласын дамытуға, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін қажетті шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық жобалардың бірі саналады.

