CaspianLife, 29 қаңтар. Атырау қаласының әкімдігі мен қоғамдық көлікте жолақы төлеудің электронды жүйесін ұсынатын «Oñay» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл жүйе бүгінде Алматы, Қарағанды, Теміртау, Саран, Балқаш және Өскемен қалаларында табысты жұмыс істеп келеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, биыл Атырау қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Oñay» компаниясы арасында тиісті құжат алмасу және келіссөздер жүргізіліп, жүйені қала аумағында іске қосуға дайындық шаралары басталған.
Жоба аясында мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының білім алушыларына «Oñay» картасын тегін тарату жоспарланып отыр. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында оқушылар мен студенттердің деректері жиналуда. Сонымен қатар қаладағы барлық қоғамдық көліктерге «Oñay» валидаторлары орнатылады. Компания тарапынан қала орталығында карта сату пункттері мен қызмет көрсету орталығын ашу көзделген.
«Oñay» мобильді қосымшасы арқылы ата-аналар баласының қоғамдық көлікпен мектепке жеткен-жетпегенін бақылап отыра алады. Қала қонақтары үшін қосымшада қажетті маршруттар мен жүру бағыттары көрсетіледі. Сондай-ақ жолақыны алдын ала төлеу мүмкіндігі қарастырылған, бұл ретте жолақы бағасы өзгермейді. Қосымшада автобустың бұзылып қалғаны немесе уақытша қозғалысын тоқтатқаны туралы ақпарат көрсетіледі. Мұндай жағдайда соңғы аялдамада тұрған басқа автобус сол маршрут бойынша қозғалысты жалғастыра алады.
«Көзі нашар көретін азаматтар үшін қосымшада қаріп өлшемін үлкейту функциясы бар. Ал көзі мүлде көрмейтін жандар үшін мәтінді дауыстап оқу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар пайдаланушылар автобустар арасындағы арақашықтықты және көлік қозғалысының нақты уақытын көре алады», – деді «Смарт Атырау» КММ директоры Сартай Самат.
Қазіргі таңда Атырау қаласында қоғамдық көліктер 18 бағытта қызмет көрсетеді. Жалпы саны 300 автобус 7 мекемеге тиесілі және 32 маршрут бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырып отыр.

