CaspianLife, 26 қаңтар. Әлеуметтік желіде Атырау мұнай өңдеу зауытына іргелес орналасқан Алғабас (Сая) елдімекендері тұрғындарының ауа сапасына қатысты түсірген шағымдарына байланысты облыстық Экология департаменті мен «Қазгидромет» РМК АОФ мамандары атмосфералық ауаның құрамына мониторинг жүргізді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, зерттеу жұмыстары «Мирный», «Водник» елді мекендерінде және Атырау қаласының сол жағалауындағы «Тухлая балка» алаңында ұйымдастырылып, күкіртсутегі концентрациясының Тасқала ауылында, Тасқала ауылына іргелес аумақта және Химпосёлок ауданында рұқсат етілген шекті мөлшерден асқаны анықталған.
«Бұл мәліметтер ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 тамыздағы № ҚР ДСМ-70 бұйрығымен бекітілген атмосфералық ауаның гигиеналық нормативтеріне және қолданыстағы экологиялық заңнама талаптарына сәйкес уәкілетті органдардың бақылауына алынды. Осыған байланысты ҚР Кәсіпкерлік кодексінің талаптарын сақтай отырып, АМӨЗ-ге қатысты бақылау шаралары жүргізілуде. Бақылау нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы ақпарат қосымша хабарланатын болады«, делінген хабарламада.

