CaspianLife, 26 қаңтар. Атырау қаласында атмосфералық ауаның сапасына жүргізілген мониторинг өте жоғары көрсеткіштерді тіркеді.
Кейбір аудандарда күкіртсутек концентрациясы шекті рұқсат етілген мөлшерден (ШРМ) 36 еседен асып кеткен.
Ластану деңгейі тіркелген аумақтар:
— Химпосёлок ауданы: ШРМ-нен 36,3 есе жоғары.
— Тасқала ауылы: ШРМ-нен 17,5 есе жоғары.
— Тасқала маңындағы аумақ: ШРМ-нен 15,0 есе жоғары.
Бұл аумақтардың барлығы Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ) жақын орналасқан. «Қазгидромет» мамандары сынама алған кезде желдің бағыты солтүстік-шығыстан соғып, зауыт жақтан келген. Кеңөзек ауылдық округіне қарасты саяжай тұрғындары 23 қаңтардан бастап иістің күшейгенін және адамдардың жаппай ауырып жатқанын айтып шағымдануда. АМӨЗ баспасөз қызметі кәсіпорын зертханасы өз бетінше сынама алуға кіріскенін және нәтижесін кейінірек хабарлайтынын айтты.

