CaspianLife, 23 қаңтар. Құжат Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың Coca-Cola Içecek Kazakhstan компаниясының бас директоры Вели Динчельмен өткізген кездесуінің қорытындысы бойынша қол қойылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Айдарбек Сапаров бұл жобаның жүзеге асырылуы халықаралық инвесторлардың Қазақстанға деген жоғары сенімін және елдің тамақ өнеркәсібіне ұзақ мерзімді инвестициялар салу тұрғысынан тартымдылығын айқын көрсететінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы инвестиция тарту және өңдеуші салаларды дамыту мәселелеріне басымдық беріп отыр. Бүгінгі келісімге қол қойылуы – бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың заңды жалғасы әрі инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Сондай-ақ жобаның Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың қатарына кіретін түркиялық серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап өткім келеді», – деді министр.
Жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 41,9 млрд теңгені құрайды. Ал жаңа кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 280 млн литрге дейін алкогольсіз сусын өндіруге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын биылғы сәуір айында бастау жоспарланып отыр.
Жаңа өндірістік кешен Coca-Cola Içecek компаниясының Қазақстандағы төртінші зауыты болмақ. Кәсіпорын заманауи технологиялармен, соның ішінде экологиялық таза қалдықтарды басқару жүйелерімен және энергия үнемдейтін шешімдермен жабдықталады. Бұл шешімдер тұрақты дамудың халықаралық стандарттарына толық сәйкес келеді.
Coca-Cola Içecek Kazakhstan компаниясының бас директоры Вели Динчель келісімге қол қойылуы компанияның Қазақстанға ұзақ мерзімді инвестиция салуға бейілділігін растайтынын айтты.
«Ақтөбедегі жаңа зауыт өндіріс географиясын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашады және өңірдің тұрақты дамуына өз үлесін қосады. Қазақстан біз үшін өсу әлеуеті жоғары стратегиялық нарық болып қала береді», – деді ол.
Кездесу соңында министр Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан жобаға жан-жақты қолдау көрсетіліп, оны жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жүзеге асыруға толық сүйемелдеу жасалатынын растады.
(Сурет: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі сайты)

