Caspianlife, 21 қаңтар. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмалары аясында бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, А.Балаеваның айтуынша, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі қарастырылып жатыр.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін, 16 жасқа толмаған азаматтардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобаларын әзірледі», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, заң жобалары сараптамалық бағалаудан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылғаны нақтыланады. Оларды тиімді іске асыру үшін Оқу-ағарту министрлігімен және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп пайдаланушылардың жасын тексеру тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ қажет болған жағдайда жауапкершілік шараларын белгілеу жоспарланып отыр.
«Халықтың медиасауаттылығын арттыруға және тәуелсіз БАҚ-ты қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағыттағы жұмыс салалық журналистиканы дамыту жөніндегі комиссия және өзге де тетіктер арқылы жүргізілуде. Сонымен қатар заңнамалық деңгейде онлайн-платформалар мен БАҚ арасында жарнамалық табысты бөлу мәселесін реттеу, сондай-ақ жекелеген тауарларға жарнамаға қойылған тыйымды ішінара алып тастау мүмкіндігі қаралатын болады», — деп қосты Аида Балаева.

