Caspianlife, 20 қаңтар. «Аквашаруашылық туралы» заңды іске асыру аясында өндірушілердің шығындарын азайтуға, инвестиция тартуға және саланың тұрақтылығын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралар кешені қалыптастырылды.
Балық шаруашылығы комитетінің хабарлауынша, бүгінде аквашаруашылық субъектілерін мемлекеттік қолдау үш негізгі субсидиялау бағытын қамтиды.
Бірінші бағыт – аквашаруашылық саласындағы инвестициялық салымдар кезінде шығындардың бір бөлігін өтеу.
Екінші бағыт – аквашаруашылық өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау, сондай-ақ асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту.
Үшінші бағыт – су беру қызметтерінің құнын субсидиялау.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі – инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидаларының жаңартылуы. Алғаш рет қарсы міндеттеме енгізілді: субсидия алушылар мемлекеттік қолдау алғаннан кейін кемінде бес жыл бойы аквашаруашылық саласындағы қызметін жалғастыруға міндетті. Бұл шешім бюджет қаражатының ұзақ мерзімді тиімділігін қамтамасыз етуге және қолдау шараларын формалды пайдаланудың алдын алуға бағытталған.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, инвестициялық шығындарды өтеу басым бағыттар бойынша 25% мөлшерінде жүзеге асырылады. Олардың қатарында сағатына кемінде бір тонна өнім өндіретін аквашаруашылық нысандарына арналған жем өндіру зауыттары мен цехтарын құру және кеңейту, жылына 25 тоннадан кем емес өнім көлемі бар тоған шаруашылықтарын дамыту, сондай-ақ бассейндер мен тұйық сумен жабдықтау қондырғыларын пайдаланатын осындай қуаттағы индустриялық шаруашылықтар бар.
Сондай-ақ 50 тоннадан бастап қуаттылығы бар балық шаруашылығы су айдындарындағы торлы акваөсіруді дамытуға, аумағы кемінде 50 гектар болатын су айдындарында көл-тауарлы балық өсіруге арналған жабдықтар мен техниканы сатып алуға, тәулігіне кемінде бір тонна өнім өндіретін балық өңдеу нысандарын құру және кеңейтуге, сондай-ақ белгіленген қуаттылықтағы балық шабағын өндіретін қайта өндіру шаруашылықтарын дамытуға да таралады.
Су ресурстарымен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. №8 паспорт – «Жылына 25 тоннадан астам акваөсіру нысандарын өсіретін субъектілерді, сондай-ақ акваөсіруді дамытуға қызмет ететін субъектілерді сумен қамтамасыз ету» аясында шығындарды өтеу мөлшері ұлғайтылып, 50%-ды құрайды.
Аквашаруашылық өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау бағытында да елеулі өзгерістер енгізілді. Жем, балық отырғызу материалы және жөндеу-өндіруші табынды сатып алу кезінде субсидиялардың шекті мөлшері қайта қаралды. Сонымен қатар бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылау талаптары күшейтілді. Шаруашылықтарға шығу арқылы тексеру, міндетті фото және бейнетіркеу, ветеринариялық құжаттарды ұсыну енгізілді.
Осы бағыт аясында акваөсіру нысандарын өсіруде пайдаланылатын жемді сатып алуға жұмсалған шығындардың 30%-ы, балық отырғызу материалын, биологиялық негіздеме әзірлеуді, арнайы дәрілік препараттарды, сондай-ақ жөндеу-өндіруші табынды және оны ұстауға кеткен шығындардың 50%-ы өтеледі.
Бұдан бөлек, су беру қызметтерінің құнын субсидиялау енгізілді. Мемлекеттік қолдау мөлшері су беру тәсіліне қарамастан, ҚҚС-ты есептемегенде тарифтің 60–85%-ы аралығында дифференциалды түрде белгіленеді. Бұл су ресурстары шектеулі өңірлерде орналасқан шаруашылықтар үшін аса маңызды.
Жалпы қабылданған шаралар акваөсіру өнімінің өзіндік құнын төмендетуге, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және балық шаруашылығын одан әрі дамыту үшін орнықты негіз қалыптастыруға бағытталған. Жаңа субсидиялау тетіктері өндіріс көлемін ұлғайтуға, өнім сапасын жақсартуға және Қазақстанның ішкі әрі сыртқы балық өнімдері нарығындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

