CaspianLife, 20 қаңтар. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі (ЖИЦДМ) мен «Транстелеком» АҚ Қазақстан автожолдарының бойында тұрақты ұялы интернет пен байланысты қамтамасыз ететін телекоммуникациялық инфрақұрылым салу туралы келісімге қол қойды.
ЖИЦДМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында іске асырылады және ұялы байланыс мүлде жоқ немесе тұрақсыз жұмыс істейтін автожол учаскелеріндегі «ақ дақтарды» жоюға бағытталған. Жобаны жүзеге асыру жүргізушілер мен жолаушыларға жол үстінде интернетті еркін пайдалануға мүмкіндік береді: навигация үшін, шұғыл қоңыраулар шалуға, сондай-ақ банк және мемлекеттік сервистерді қолдануға жол ашады.
«Жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. Республикалық маңызы бар автожолдарды ұялы байланыспен қамту жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін, ал облыстық маңызы бар жолдар 2027 жылдың соңына дейін аяқталады», — делінген хабарламада.
Келісім аясында «Транстелеком» АҚ жобаны толықтай өз инвестициясы есебінен жүзеге асырады, мемлекеттік қаржы тартылмайды.
Жоспарға сәйкес, екі кезеңде жалпы ұзындығы 40 мың шақырымнан астам автожол байланыспен қамтылады. Жол бойындағы тұрақты байланыстың болуы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, жедел қызметтердің әрекет ету жылдамдығын жақсартады, сондай-ақ көлік ағынын интеллектуалды басқару жүйелерін және жол жағдайын мониторингілеуді енгізуге мүмкіндік береді.
Жоба аясында 500-ден астам антенна-діңгек құрылысы мен ұялы байланыс базалық станциялары салынады. Бұл елдің негізгі көлік бағыттарында байланыс аясын едәуір кеңейтіп, сапасын арттырады.
Байланыстың қолжетімділігін арттыру мақсатында «Транстелеком» АҚ салынатын инфрақұрылымды басқа ұялы байланыс операторларының пайдалануына ашық етеді. Бұл қамту аймағын жедел кеңейтуге және азаматтар үшін, таңдаған операторына қарамастан, мобильді қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

