CaspianLife, 13 қаңтар. «ҚазТрансОйл» АҚ 2025 жылы 2020–2025 жылдарға арналған Қазақстанның ішкі нарығына магистральдық құбырлар арқылы мұнай айдау қызметі бойынша инвестициялық бағдарлама аясында «Өзен – Атырау – Самара» және «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» магистральдық мұнай құбырларының учаскелерін қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтады.
«ҚазТрансОйл» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған жобаларды іске асыру мұнай тасымалының сенімділігін арттыруға, өндірістік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай тасымалдау жүйесінің негізгі бағыттарындағы апаттық жағдайлар қаупін азайтуға бағытталған.
Диаметрі 1020 мм болатын «Өзен – Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбырында жалпы ұзындығы 30 км болатын екі учаске қайта жаңғыртылды. Жоба аясында құбырдың желілік бөлігі ауыстырылып, электр жетегі бар диаметрі 1000 мм екі дана жапқыш арматура орнатылды. Сондай-ақ мұнай айдау параметрлерін жедел бақылауды қамтамасыз ететін автоматтандыру және телемеханика жүйелері енгізілді.
Диаметрі 530 мм болатын «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» мұнай құбырының желілік бөлігінде ұзындығы 23 км учаскені қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жұмыс барысында құбырдың 0-ден 23 км-ге дейінгі желілік бөлігі толық ауыстырылды. Учаскеде бақылау-басқару пунктінің жабдықтарын электр энергиясымен қамтамасыз ететін жаңартылатын электр энергиясы көзі орнатылды. 23-км-де жаңа желілік торап монтаждалып, тазалау және диагностика құралдарын іске қосу камерасы, дренаж жүйелері мен технологиялық параметрлерді бақылау жүйелері салынды.
Қайта жаңғырту барысында екі учаскеде де (23 км және 30 км) құбырлар зауыттық оқшаулаумен қосымша күшейтіліп, коррозиядан сенімді қорғаныс қамтамасыз етілді. Электрмен жабдықтау және электрохимиялық қорғау жүйелері жаңартылып, қолданыстағы өндірістік және экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай заманауи жабдықтар орнатылды.
««Өзен – Атырау – Самара» және «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» магистральдық мұнай құбырлары учаскелерін қайта жаңғырту жұмыстарының аяқталуы мұнай тасымалдау жүйесінің тұрақтылығын арттырып, тұтынушыларға мұнайды тұрақты әрі қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз етеді», — деп атап өтіледі хабарламада.

