CaspianLife, 9 қаңтар. АҚШ долларына шаққанда иран валютасы – риал рекордтық төмен деңгейге құлдырағаннан кейін басталған Ирандағы жаппай наразылықтар жаңа қарқын алды.
Euronews телеарнасының хабарлауынша, бейсенбі кешінде Тегеран тұрғындары шетелде жүрген тақ мұрагерінің жаппай шеру өткізуге шақыруынан кейін көшеге шығып, ұрандатқан.
Наразылық басталған бойда Иранда интернет пен телефон байланысы өшірілді. CloudFlare интернет-компаниясы мен NetBlocks құқық қорғау ұйымы интернеттің ажыратылғанын растады. Олар мұны Иран үкіметінің араласуымен байланыстырып отыр.
Дубайдан Ирандағы қалалық және ұялы телефондарға хабарласу әрекеттері нәтиже бермеген. Бұған дейін мұндай байланыс үзілістерінен кейін биліктің қатаң қуғын-сүргіні жүргені белгілі.
Бұл — бастапқыда Ирандағы экономикалық жағдайдың нашарлауына қарсы бағытталған, кейін бүкіл Ислам Республикасына тараған наразылық қозғалысының кезекті ушығуы.
Аталған наразылықтар 1979 жылғы Ислам революциясы қарсаңында елден кеткен, қазір шетелде жүрген шахтың ұлы — тақ мұрагері Реза Пехлевидің халықты соңынан ерте ала ма, соны сынаған алғашқы ірі сынақ болды.
Пехлеви бейсенбі және жұма күндері жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-де жаппай шеруге шығуға шақырды. Куәгерлердің айтуынша, дәл сол сәтте Тегеранның түрлі аудандарында ұрандар естіліп, халықтың дауысы жаңғырған.
Наразылар «Диктаторға өлім!», «Ислам Республикасына өлім!» деп айқайлаған. Кейбірі шахты мадақтап, «Бұл — соңғы шайқас! Пехлеви қайта оралады!» деген ұрандар көтерген. Көшелерге мыңдаған адам шыққан.
«Ұлы Иран халқы, сендерге бүкіл әлем қарап отыр. Көшеге шығып, талаптарыңды бір ауыздан айтыңдар», — делінген Пехлевидің үндеуінде.
«Мен Ислам Республикасын, оның басшысын және КСИР-ді ескертемін: әлем мен АҚШ президенті Дональд Трамп сендерді мұқият бақылап отыр. Халықты басу жауапсыз қалмайды», — деді ол.
Наразылық кезінде шахты қолдайтын ұрандардың айтылуы ерекше назар аудартты. Бұрын мұндай сөздер өлім жазасына әкеп соғуы мүмкін еді, ал қазір бұл халық ашуының шегіне жеткенін аңғартады.
Бейсенбі күні сәрсенбіден бері Иранның қалалары мен ауылдарында басталған шерулер жалғасын тапты. Наразылық білдірушілерді қолдау мақсатында көптеген базарлар мен сауда орындары жабылған.
АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists ақпарат агенттігінің мәліметінше, шерулер кезіндегі қақтығыстар салдарынан кемінде 39 адам қаза тауып, 2 260-тан астам адам ұсталған.
Наразылықтардың күшеюі Иранның азаматтық үкіметі мен елдің жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменейге түсетін қысымды арттырып отыр.
Сонымен қатар, наразылықтардың нақты көшбасшысы жоқ екені байқалады. Пехлевидің үндеуі демонстрациялардың одан әрі дамуына қалай әсер ететіні әзірге белгісіз.
«Өміршең баламаның болмауы бұған дейінгі Ирандағы наразылықтарды да әлсіреткен, — деп жазады Вашингтондағы Атлантикалық кеңестің сарапшысы Нейт Суонсон. — Мүмкіндік берілсе, Иранда мемлекет қайраткеріне айнала алатын мыңдаған оппозициялық белсенді бар. Польшадағы Лех Валенса сияқты. Алайда Иранның қауіпсіздік аппараты елді өзгерте алатын барлық әлеуетті көшбасшыларды тұтқындап, қудалап немесе елден қуып жіберді».
Иран билігі жоспарланған шерулерге байыппен қараған сыңайлы. Қатаң бағыттағы Kayhan газеті интернетте қауіпсіздік күштері шеруге қатысушыларды анықтау үшін дрондар қолданатынын мәлімдеген бейнеролик жариялады.
Иранның ресми тұлғалары бейсенбі күні кешкі наразылық басталмай тұрып-ақ көптеген аймақта өткен жаппай шерулердің ауқымын ресми түрде мойындаған жоқ.
(Euronews телеарнасының ақпараты бойынша)

