CaspianLife, 9 қаңтар. The Washington Post Маңғыстау өңірінің бірегей ландшафттарына назар аударды. Мақалада Қазақстанның туристік нысандары Жібек жолының айға ұқсас пейзаждары ретінде сипатталған.
Бұл туралы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының Telegram-арнасында хабарланды. The Washington Post басылымының авторы өңірге жасаған сапары туралы баяндап, Бозжыра, Торыш және Жығылған ойпаты сияқты табиғи нысандардың бірегейлігін шетелдік оқырманға таныстырады.
«Торыш немесе “Шарлар алқабы” — мұнда қиыршық тастан бастап ірі валундарға дейінгі жүздеген домалақ тастар ландшафт бойына шашылып жатыр. Ғалымдар олардың қалай пайда болғаны жөнінде әлі ортақ пікірге келе алмады; ал мен жергілікті аңызды — бұл алқап құдайлардың ойын бөлмесі болған деген нұсқаны ұнатамын. Жығылған — бірнеше шақырымға созылған ойпат, ғимарат көлеміндей тастарға толы. Алыстан қарағанда, бір кездері Каспий теңізінің жағасында алып адам отырып, жерді басып-жаншып кеткендей әсер қалдырады», — деп жазады The Washington Post.
Маңғыстау облысының танымдық туризм бағыты ретіндегі халықаралық тартымдылығы артып келеді, бұл туристік ағынның өсуімен де байқалады.





