Caspianlife, 8 желтоқсан. Туристік саланы дамыту мақсатында Қазақстанның бірқатар өңірінде шетелдік азаматтарға ғана қолжетімді ойын аймақтарын (казино) құру мүмкіндігіне қатысты әлеуметтік-экономикалық зерттеу жүргізілді.
Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әңгіме Қазақстан Республикасының азаматтарына кіруге тыйым салынатын, тек шетелдік туристерге бағытталған казинолар туралы болып отыр. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай ойын аймақтары кейбір елдерде туристерді тартудың қосымша тетігіне айналып, курорттық инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді әрі ішкі әлеуметтік ортаға тікелей әсер етпейді.
«Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Маңғыстау облысында тұрғындардың 46 пайызы шетелдік туристерге арналған казино ашуды қолдайды. Экономикалық есептеулерге сүйенсек, 2029 жылға қарай өңірге шамамен 148 мың шетелдік азамат келуі мүмкін. Бұл өз кезегінде 7 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға және бюджетке 1,2 млрд теңге салық түсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Жетісу облысында сауалнамаға қатысқандардың 67 пайызы шетелдіктерге ғана арналған казино құрылысына қарсы емес. Болжам бойынша, 2029 жылға қарай өңір жыл сайын 36 мыңға дейін шетелдік турист қабылдап, шамамен 700 жұмыс орнын ашып, жылына 2,4 млрд теңге көлемінде салық түсімін қамтамасыз ете алады.
Ал Алматы облысында респонденттердің 54,5 пайызы Қазақстан азаматтары үшін қолжетімділігі шектелген ойын аймақтарын құруды қолдаған. Экономикалық талдау деректеріне сәйкес, 2030 жылға қарай шетелдік туристер саны 22 810 адамға жетеді, ал 2028 жылға дейін екі ойын аймағы бюджетке 6,5 млрд теңге салық түсіріп, 2 мың тұрақты жұмыс орнын ашады.
Сонымен бірге, ойын аймақтарын құру және олардың қызметі «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қатаң сәйкес жүзеге асырылатыны атап өтілді. Аймақтардың нақты шекараларын жергілікті атқарушы органдар айқындайды, ал жұмыс тәртібі тек шетелдік азаматтарды қабылдауды көздейді.

