CaspianLife, 8 желтоқсан. Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен (ІІМ) бірлесіп, медициналық қарсы көрсетілімі бар адамдардың көлік басқаруына қолжетімділігін анықтау және шектеу бағытында жүйелі жұмысты бастады.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл шара жол қозғалысына қатысушылардың барлығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Екі ведомство арасындағы цифрлық өзара іс-қимылдың нәтижесінде және ІІМ-нің Денсаулық сақтау министрлігінің «Диспансерлік есепте тұрған науқастардың электрондық тіркелімі» ақпараттық жүйесіне қосылуы арқылы диспансерлік есепте тұрған 369 888 адамға талдау жүргізілген. Нәтижесінде олардың 273 819-ына бұрын жүргізуші куәлігі мүлде берілмегені анықталды.
Қалған 96 069 адам бойынша мыналар белгілі болды:
— 41 677 адамның жүргізуші куәлігі деректер түскен сәтте-ақ жарамсыз (күші жойылған) болған;
— 54 392 адамның жүргізуші куәлігі қолданыста болған.
«2025 жылғы 10 желтоқсанға дейін сот органдарына 4 540 талап-арыз жолданды. Оларды қарау нәтижесінде медициналық қарсы көрсетілімдеріне байланысты көлік басқаруға құқығы болмаған 1 787 азаматтың жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылды», — деп нақтылады министрлік.
Сонымен қатар, екі ведомствоның ақпараттық жүйелері арасында психоневрологиялық және наркологиялық есепте тұрған азаматтар туралы деректерді нақты уақыт режимінде беру және жаңарту жолға қойылды. Бұл мәліметтер алмасу автоматтандырылған форматта жүзеге асырылады және жүргізуші куәлігін беру мәселелерін қарау кезінде қолданылады.
Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің қауіпсіз көлік жүргізуді бақылау және жолдағы тәуекелдерді азайтуға бағытталған бірлескен жұмысы цифрлық деректер алмасу арқылы алдағы уақытта да жалғасын табады. Аталған жаңа шара жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын жарақаттану, мүгедектік және өлім-жітім деңгейін төмендетуге ықпал етуі тиіс.

